Ұлт көшбасшысы және заманауи мемлекеттік аппараттың келбеті
Тұңғыш Президент күніне арналған ғылыми-тәжірибелік конференция онлайн форматта өтті. Ғылыми алаңда Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетов тәуелсіздік жылдарынан бері мемлекеттік басқарудың жүйелендірілген моделіне маңыз берді.
Тәуелсіз Қазақстанның қалыптасуында Елбасының саяси бағытын сапалы жүзеге асыра алатын тиімді мемлекеттік аппарат қалыптастыру басты міндет болды. 1995 жылы Президенттің «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңдық күші бар Жарлығы қабылданды. Аталған маңызды құжат — Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік қызметін институттандырудың бастауы болды. Ол өз кезегінде саланы одан ары дамытып, кадр құрамын нығайтуға жол ашты. Қазақстан посткеңестік кеңістікте ғана емес, әлемдегі қарқынды дамып келе жатқан мемлекеттердің біріне айналды. Бұл Елбасының саяси көрегендігі мен даналығының арқасы, — деді өңір басшысы.
Сондай-ақ, бейнебайланысқа шыққан ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Анар Жайылғанова, Сенаторлар Кеңесі төрағасының орынбасары Бірғаным Әйтімова, ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбілдің пікірлері «Тұңғыш Президенттің басшылығымен мемлекеттің саяси өмірі жаңартылып, Қазақстан саяси және экономикалық тұрақтылықтың жарқын үлгісі болып табылады» дегенге тоғысты.
Ғылыми-тәжірибелік конференцияда Елбасының тәуелсіз Қазақстанды және мемлекеттік қызметтің заманауи жүйесінің іргетасын қалау жолындағы игі істер де айтылды. Бұл туралы ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің басшысы Салауат Мүксімов, облыстық Қоғамдық кеңес төрағасы Мұрат Өтешов және Исатай ауданы Тұщықұдық ауылдық округ әкімі Мәди Өтеғалиев тілге тиек етті.
Майра ОРАЗҒАЛИЕВА
Суреттерді түсірген Расул СЕРІКОВ