Жарнама
ЖаңалықтарСаясатҚоғам

Үкімет азаматтардың зейнетақы жинағын пайдалану мүмкіндігі бойынша Президентке ұсыныс берді

Atr.kz/30 қаңтар, 2019 жыл.  Ұсыныстар туралы Парламент Сенатында өтіп жатқан дөңгелек үстелде еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Біржан Нұрымбетов айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Азаматтардың зейнетақы қорындағы жинағын ескере отырып, зейнетақы жинағын пайдалану бойынша Үкімет (Президентке – авт.) келесі ұсыныстарды берді. Мұндағы негізгі қағидат – зейнетақы қорындағы азаматтардың жарналары, ең бірінші кезекте, зейнетақылық қамсыздануына арналған. Осыны ескеруіміз керек. Сондықтан екі ұсыныс бердік. Жұмыс істеп жүрген азаматтардың жинағы жеткілікті шектен асатын болса (яғни, 30 жастағы азаматтың жинағы 6,7 млн теңгеден, 50 жастағы азаматтың жинағы 7,2 млн теңгеден, зейнет жасына жеткен азаматтың жинағы 8,2 млн теңгеден асқан жағдайда – осы сомадан асқан жинақтың бөлігін) ол зейнетақы жинағының бір бөлігін ала алады.

 Яғни, бұл жерде бір нәрсеге назар аудартқым келеді: жалпы, зейнетақы ануитетті белгілейтін сома мен біз ұсынған соманың айырмашылығы бар. Қазіргі жеткілікті сома – тұрғын үй алуда әр салымшының жасына байланысты болуы керек. Яғни, мысалы, 30 жастағы азамат болса, оның тағы 33 жыл жинауына мүмкіндік бар. Мұндай азаматтардың саны 100 мыңнан асады», — деді Біржан

Министр екіншіден, зейнет жасына жетіп, зейнетақыларын алып отырған азаматтар жинағының 50 пайызын алуына болатынын айтады.

«Бұл жерде осы азаматтың базалық зейнетақысы мен мемлекеттің төлейтін ынтымақтық зейнетақысын қосқан кезде оның зейнетке шыққан табысының кемінде 40 пайызын құрауы тиіс. Бұл – халықаралық еңбек ұйымының ұстанымы. Ондай санатта бізде 120 мыңдай адам бар. Осы екі тәртіпті Үкімет тарапынан ұсындық. Жеткілікті сомадан артық ақшаны бірінші кезекте тұрғын үй мәселесін шешуге немесе қымбат тұратын емдеу мәселесіне, не болмаса жарналарын инвестициялау үшін жеке меншік зейнетақы жинағын басқару компанияларына өз еркімен аударуға болады», — деді ол.

Министр бұл ұсыныстар Үкіметтің жанындағы экономикалық кеңесте талқыланып, Үкімет атынан Президентке ұсыныс ретінде берілгенін мәлім етті.

http://atr.kz/el-zha-alyi-taryi/zejneta%D2%9By-%D2%9Borynda%D2%93y-a%D2%9Bshany-erte-aludy%D2%A3-zholdary-belgili-boldy/

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button