Жарнама
ЖаңалықтарСарапTimeЭкономика

Үйлі болу тек «Отбасы банкі» арқылы ма?

ШЫНЫНДА, БИЫЛ ЖЫЛ БАСЫНАН БЕРІ ЕЛДЕ БОЛЫП ЖАТҚАН ӨЗГЕРІСТЕР ЖҰРТШЫЛЫҚТЫ БІР СЕРПІЛТІП ТАСТАДЫ. ӘЛЕУМЕТТІК ЖЕЛІЛЕР АРҚЫЛЫ КЕЛІП ЖАТҚАН АҚПАРАТ ТА КӨП. БІРАҚ ОНЫҢ ҚАЙСЫСЫ ДҰРЫС, ҚАЙСЫСЫ БҰРЫС – АЖЫРАТУ ҚИЫН.

Редакцияға атыраулық оқырмандар – Мəдина Бисенқызы мен Зияда Хайроллақызы телефон шалып, баспанаға мұқтаж жандардың бұрынғыдай Атырау қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі жəне автокөлік жолдары бөлімінің тұрғын үй секторына емес, бірден «Отбасы банкіне» бару қажеттігі жөнінде естігендерін айтты. Мəселенің егжей-тегжейін білмек болып, біз қалалық бөлімнің тұрғын үй секторына қоңырау шалғанымызбен, тиісті нəтиже болған жоқ. Сосын «Отбасы банк» АҚ Атырау филиалының директоры Нұрбол Құрманға хабарласып, көп көкейіндегі сауалдарға жауап беруін өтіндік.

– Естеріңізде болса, 2020 жылдың 11 мамырында төтенше жағдай жөніндегі мемлекеттік комиссия мəжілісінде сөйлеген сөзінде мемлекет басшысы Үкіметке «Қазақстанның тұрғын үй-құрылыс жинақ банкі» АҚ негізінде тұрғын үйді есепке алуды, қоюды жəне бөлуді орталықтандыратын толыққанды даму жəне қолдау институты – «Отбасы банкін» құруды тапсырған еді. Соған сəйкес «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңының жобасы əзірленді. Жоба кезекте тұрғандардың Бірыңғай республикалық электрондық деректер базасының сервисін «Отбасы банкіне» беруді көздейді. Заң қабылданғаннан кейін (ол əлі бекітілуде) тұрғын үйді есепке алу жəне бөлу жұмысы жүзеге асады.

– Тұрғын үйге кезекке тұруды ойлап, «Отбасы банкінен» есепшот ашып, қаражат жинауды жоспарлап отырған азаматтарға қандай кеңес бересіз? Олар пəтер құнының қанша пайызын жинауы тиіс?

– Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сəйкес баспанаға мұқтаж адамды есепке қою үшін «Отбасы банк» АҚ-нан есепшот ашу талап етілмейді. Кезекте тұрған адам мемлекеттік бағдарламаға қатысуға ниет білдірсе, салымы болуы тиіс. Айт алық, қазір мемлекет «Нұрлы жер» бағдарламасын жүзеге асырып жатыр. Оның аясында тұрғын үй кезегінде тұрған қатысушыларға несие жеңілдікпен беріледі. Сондай-ақ, осы бағдарламаға қатысу үшін «Отбасы банк» АҚ-ындағы шотта бастапқы жарна болуы шарт. Мəселен, 10% – «Бақытты отбасына» жəне «Шаңыраққа» қатысушыларға, 20% – əлеуметтік несиелік баспана алушылар үшін.

– Нұрбол Оразбайұлы, баспана мəселесіне қатысты бұдан басқа да сауалдар бар. Мысалы, тұрғын үйді жалға алатын адамдар санаты не болады? Олар (əдетте медбикелер, мұғалімдер, мəдениет қызметкерлері жəне басқалары) зейнетке шыққан соң да жалдау ақысын төлей бере ме, əлде жеңілдік бола ма? Олардың тұрып жатқан баспаналары қашан иелігіне өтеді?

– Өкінішке қарай, бұл мəселелер «Отбасы банк» АҚ-ның құзыретіне жатпайды. Сол себепті əзірге ештеңе айта алмаймын. Ол жағы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мəселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» республика Заңы қабылданып, соған сəйкес Бірыңғай республикалық электрондық деректер базасының сервисі «Отбасы банкіне» берілгеннен кейін ғана белгілі болады.

Əңгімелескен Лиза СЕЙТІМОВА

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button