Үйдің төбесі аласа болса, адамның құлға айналатындығы айтылған видео тарады
«Хрущев» үйлеріндегі төбелер психиканы басу үшін төмен етіп жасалған» деген мәлімдеме – жалған.
Қазнетте «хрущев» үйлерінде төбелерді адамның психикасын басу үшін әдейі төмен етіп салынғандығы туралы видеоролик тарады. Кейбір тұрғындар әдеттегі бес қабатты үйлерде тұру олардың психикалық денсаулығына зиян тигізуі мүмкін деп алаңдауда. Шын мәнінде, төбелердің биіктігі ақыл-ойға кері әсерін тигізбейді.
Видеодағы төмен төбелер туралы жазушы және діни алауыздықты тудыруға шақыратын кітаптардың авторы Николай Левашов талқылайды. Омбы орталық соты оның еңбектерінің бірін ресми түрде экстремистік деп таныды.
Ол видеода ақшаны үнемдеу – билікті ақтау ғана, шын мәнінде, көпқабатты үйлердегі шағын пәтерлер – адамзатты құл қылуға бағытталған әлемдік қастандықтың бір бөлігі екенін айтады.
Алайда, төбелер төмен болуы да, бес қабатты панельді үйлердің де қастандық теорияларына ешқандай қатысы жоқ.
«Хрущев» үйлері өткен ғасырдың 50-ші жылдары КОКП Орталық комитетінің бірінші хатшысы Никита Хрущевтің бұйрығымен салына бастаған. Ауыл халқы жаппай қалаларға көше бастағандықтан арзан, ықшам және тез салынатын үйлерге деген қажеттілік туындады. Көп тұрғын үй салу үшін оның құнын барынша төмендету қажет болды. Сондықтан үйлер төрт-бес қабатты болды. Бұл лифт орнату қажет етпейді, кіреберістерде қоқыс құбырлары сирек жасалатын, пәтерлер типтік және өте кішкентай болды, мұндай үйлер сыртынан өңдеу жағынан ерекшеленбейтін. Соның арқасында жұмысшылар бірнеше ауысыммен жұмыс істеген жағдайда, осындай бір үйді тез – 50 күнде салу мүмкін болды.
Мұндай үйлердің төбелерінің биіктігі әр жылдары 2,45-тен 2,6 метрге дейін, ал кейбір блок үйлерде – 2,7 м-ге дейін болатын. Ас бөлменің ауданы әдетте 4,9-дан 7,5 м2-ге дейін.
Төбенің биіктігінің бұл көрсеткіші қазіргі стандарттарға сай. Қазақстанда үйдің төбесінің биіктігі климаттық аймаққа байланысты 250 см-ден 270 см-ге дейін болады. Жаңа ғимараттарда бұл көрсеткіш жоғары болуы мүмкін.
Төбенің осындай биіктігі Ресейде де, бірқатар басқа елдерде де қолайлы болып саналады. Мысалы, Түркияда төбесінің биіктігі бар-жоғы 220 см болатын баспананы көруге болады.
Дегенмен, кейбір психологтар төбенің биіктігі тұрғындардың әл-ауқатына әсер етуі мүмкін деп санайды. Алайда, бұл ерік пен сананы басуға қатысты емес. Сарапшылардың пікірінше, бөлмедегі төбе неғұрлым жоғары болса, соғұрлым ауа көп болады, бұл әл-ауқатқа оң әсерін тигізеді. Сонымен қатар, бұл жерде патша адамдарының артықшылығы мен төбелері биік сәнді сарайлардың болуы сияқты тарихи ассоциациялар да роль атқаруы мүмкін.
Бұл төбесі төмен пәтерлер қала тұрғындары үшін арзан және эргономикалық тұрғын үй салу әрекеті екенін дәлелдейді.