«Қуатты өңір – қуатты Қазақстан»
Кеше ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойы аясында эстафета түрінде өткен «Қуатты өңір – қуатты Қазақстан» мега-жобасы қорытындыланды. Халел Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің «Жайық» спорт кешенінде болған салтанатты шараға облыс әкімі Нұрлан НОҒАЕВ қатысып, атыраулықтарды мерекемен құттықтады.
Алдымен еліміздің Мемлекеттік Туы көтеріліп, жиналғандар Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, әнші Талғат Күзембаевпен бірге Әнұранды қосылып шырқады.
— 16 желтоқсан – республика тарихында ерекше орын алатын және барша Қазақ елі үшін ең қасиетті күн. Мемлекетіміз төрткүл дүние алдында өз Тәуелсіздігін жариялады. Осылайша әлем картасында жаңа ел пайда болды. «Өткенді білмей, болашақты болжау мүмкін емес» демекші, өткенге салауат айтып, келешекке берік байлам жасау үшін ұлттық мерекені тойлап отырмыз. Сонау Бейбарыс Сұлтаннан бастап, ерлікті ту еткен Исатай мен Махамбет, күй атасы Құрманғазы, күні кешегі Әбу мен Хамит ақындар, Ғабдол мен Зейнолла, Жұмекен мен Фаризалардың өнегелі сөздері мен ерен еңбектері ұрпаққа ұран. Тәуелсіздіктің тарихы тереңде, ол оңайлықпен келген жоқ. Қазақ шежіресінде миллиондардың қаны мен маңдай тері жатыр. Бұл жолда халқымыз дінінен де айырылып, өз жерінде ашаршылыққа да ұшырады. Тәуелсіздік табалдырығындағы Қазақстан қандай еді? Қазір мүлде басқаша.
ХХ ғасырдың аяғында тоталитарлық жүйе күйреп, жаңа мемлекеттер пайда болды. Соның бірі – биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығын тойлап отырған Қазақ елі. Саяси және әлеуметтік-экономикалық реформалар қазақ қоғамын адам танымастай етіп өзгертті. Олар қазірде әлемге үлгі болуда. Орта Азияда көшбасшы мемлекетке айналдық. Көптеген халықаралық ұйымдарға мүше болдық. Барлық елдермен тату-тәтті қарым-қатынас орнаттық. Қос палаталы Парламент құрылды. Өзін-өзі басқару жүйесі енгізіліп келеді. Ішкі жалпы өнім көлемін еселеуде шикізаттан бөлек, импорт пен шағын және орта бизнестің де үлесі артты. Ендігі мақсат – осы демократиялық әрі құқықтық мемлекеттілігімізді сақтап қалу. Осы жетістіктің бәрін де біз Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының есімімен байланыстырамыз. Еліміздің стратегиялық бағыты айқын, оның ішкі және сыртқы саясаты өркендеу мен дамуға бастайды.
Биыл сонау тарихи мәні зор Желтоқсан оқиғасына да 30 жыл толуда. Оның шын маңызын уақыт өте келе ғана түсініп жатырмыз. Соның арқасында ғана бәріміз бүгін бақытты ғұмыр кешіп отырмыз. Енді сіз бен біз болып ел абыройын асқақтатуға бірлесе жүріп атсалысайық! – деді аймақ басшысы.
Иә, расымен де, ширек ғасыр – айтарлықтай тарихи белес. Оны адам ғұмырымен салыстырар болсақ, білім нәрін бойға сіңіріп, қайраты тасыған, алдына мақсат қойып, ел алдындағы перзенттік парызын өтей бастайтын жас десе болғандай. Айға жуық уақыт бойы Азғыр, Нарын, Тайсойған құмдарынан қазыналы Жылыойға дейінгі аралықты қамтыған республикалық акция кеше облыс орталығында түйінделді. Оны Серік Шәпкенов бастаған Атырау қаласы жұртшылығы мен Қазақстан халқы Ассамблеясы өкілдері салтанатпен қарсы алған-ды. Бүгінгі шара барысында шаһар басшысы сахнаға көтеріліп, эстафета белгісін облыс әкіміне табыс етті. Өз кезегінде Нұрлан Асқарұлы оны салтанатты түрде тұғырға орнатты.
Одан әрі әр ауданнан келген өнерпаздар жырдан шашу шашып, әсем ән салды, күй күмбірлетіп, мың бұрала биледі. Мега-жоба аясында өткен өнер мерекесінің қызықты сәттері арнайы лэд-экраннан көрсетілді. Атап айтқанда, «Қазына» би ансамблі хореографиялық театрландырылған көрініс қойды. Ал, Жылыой ауданынан келген «Жем аруы» халықтық би және «Ақжелең» фольклорлық ансамбльдері «Мереке», «Қызыл қайың», «Серпер» туындыларын ұсынды. Исатай аудандық өнер мектебінің 25 домбырашысы «Шашу» би тобымен қосылып, «Тепең көк» күйін орындады. Мақат ауданының «Шаттық» би ансамблі «Шашу» композициясын тарту етті. Құрманғазы ауданынан келген өнерпаздар «Батырлар ұранын», халықаралық байқаулар жеңімпазы Сәлім Балғазин «Родина моя» әндерін тамылжыта шырқады.
Сол секілді «Аэлита», «Камелия» «Меруерт», «Жұлдыз», «Жайық қызы» би ұжымдары «Құрылысшы», «ЭКСПО» туындыларын паш етті. Ал, халықаралық байқаулар жеңімпазы Венера Сағидың орындауындағы «Қазақ елі осындай», мәдениет саласының үздігі Ақмарал Машимованың «Сильные люди» әніне қосылмаған жан болмады. Талғат Күзембаев Дина Нұрпейісова атындағы халықтық музыка академиясы Атырау музыка колледжінің студенттер хорымен бірге «Атамекен» әнін шырқады.
Амандық Сағынтайұлы