Жарнама
Жаңалықтар

Уақытында шешілген мәселе халықтың билікке деген сенімін нығайтады

Қоғамдағы қауіпсіздікті қалай қамтамасыз ете аламыз, келеңсіз құбылыстардың себебі неде? Жуырда мемлекеттік, құқық қорғау органдарының тәжірибелі қызметкерлерінен, үкіметтік емес ұйымдары мен қаржы институттарының өкілдерінен құралған топ аудандарға барып қайтты. Оның құрамына дәрігерлер мен теологтар да қосылған. Халықтың сөзіне құлақ түруді, проблемаларын шешуді мақсат еткен сапардың оң нәтижесі бар. Бірлескен істің қорытындысы аймақтық коммуникациялық қызметінде өткен баспасөз мәслихатында толығырақ айтылды. Журналистермен жүздесуге облыс әкімінің орынбасары Әлібек Нәутиев пен облыс прокуроры Ғалымжан Тоғызбаев қатысты.

Брифинг

Облыс прокурорының орынбасары Серік Шалабаевтың баяндауынша, қоғамдық қауіпсіздікке басты қауіп әлеуметтік жағдайдың уақытында шешілмеуінен, жұмыссыздықтың көбеюінен туындайды. Ендеше, проблемаға көз жұмып қарамай, оны мезгілінде шешудің маңызы зор.

– Аталған топ жұртшылыққа әлеуметтік бағдарламалар мен қолданыстағы заңдарды түсін-дірді. Жұмыспен қамту, медициналық қызмет көрсету, тұрғындардың тұрмыс-тірші-лігін жақсартуға кедергі келтіретін мәселелерді шешуге жұмыстанды, — деді облыс прокурорының орынбасары.

Басқосуда елең еткізетін мынадай мысал айтылды. Өткен жылдың қазан айынан бері мүмкіндігі шектеулі жандардың (соқырлар) көмекшілері қиындық көріп келіпті. Олар 19 мың теңге жалақысын облыс орталығындағы «Соқырлар қауымдастығы» қоғамдық қорының филиалынан қолма-қол алған. Ал, жолдың арақашықтығы жүздеген шақырымды құрайды. Прокурорлардың араласуымен бүгінде мәселе ретке келтіріліп отыр. Нәтижесінде, жергілікті банктер мен «Қазпоштадан» жеке есепшоттар ашылып, еңбекақыны аудан орталығынан алуға мүмкіндік жасалды. Құрманғазы, Исатай, Индер және Махамбет аудандарында 60 мүгедектің жеке көмекшісі барын ескерсек, проблеманың көп адамға қатысты екендігін ұғуға болады.

Атырау қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімінің тұрғындарға қойған негізсіз талабына да тоқтау салынды. Мемлекеттік мекеме жер телімін алуды мақсат еткендерден артық құжат (жерінің бар-жоқтығы туралы Ф-1 анықтамасы) сұрататын көрінеді. Енді құрылыс салуды ойлағандар артық жүрістен арылды.

Баспасөз мәслихатында       облыстық дін істері жөніндегі басқарманың басшысы Қайролла Көшқалиевке сұрақтар көбірек қойылды. Ол бекер болмаса керек. Жұмысы жоқ, әлеуметтік жағынан қорғалмаған, діни сауаты аз адамдардың қауіпті ағымның құрығына түсетіні жасырын емес. Сондықтан, баяндамашы халық арасында түсінік жұмыстарын жүргізуге баса маңыз берілгеніне тоқталды. Сонымен бірге, дінге қатысты проблемалар да айтылды. Мысалы, облыста 21 найб-имам, 21 муадин, 26 ұстаз жетіспейді. Осы мәселені жолға қою мақсатында қазір жастар Түркияда және «Нұр Мүбарак» университетінде діни білім алуда.

– Олар оқудан соң оралады. Осылайша, кадр жетіспеушілігін біртіндеп шешетін боламыз, — деді облыстық дін істері жөніндегі   басқарманың басшысы.

Азамат БАЗАРБАЕВ

Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button