Атырау теміржол вокзалында оқу-жаттығу шаралары өткізілді (+ФОТО)
Atr.kz/24 мамыр, 2019 жыл. Атырау қаласындағы теміржол вокзалында жұқпалы тырысқақ (холера) ауруына күдікті науқас анықталған жағдайда жедел әрекет ету бойынша оқу-жаттығу шаралары өткізілді.
Атырау бөлімшелік көліктегі қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы ұйымдастырған бұл шарағаоблыстық денсаулық сақтау басқармасы, облыстық қоғамдық денсаулық сақтау Департаментінің өкілдері, облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының және қалалық темір жол ауруханасының дәрігерлері, желілік полиция бөлімі және дезинфекция мамандары қатысты.
Оқу-жаттығу барысында, вокзалға тоқтаған №314 «Маңғыстау-Атырау» поезының №5 вагонындағы бір жолаушы жолсеріктен медициналық көмек сұраған. Ескене станциясынан өткеннен соң жолаушының жағдайы нашарлап, шөлдеу, әлсіздену, бұлшық еттерінің ауруы, жүрек айнуы, лоқсып құсу, іші ауруы шағымдары бойынша науқасқа алғашқы медициналақ көмек көрсетіліп, аурудың белгілеріне қарап оған «тырысқақ» деген диагноз қойылды.
Поезд Атырау станциясына тоқтағанда оны алдынан арнайы медициналық көліктер мен басынан аяғына дейін ақ киіммен тұмшаланған дәрігерлер күтіп алды. Жолаушылардың бәрі түскен соң тырысқақ ауруына күдікті анықталған №5 вагонның айналасына желілік ішкі істер бөлімшесінің қызметкерлерімен шектеу шекарасы қойылды.
Алдымен вагонға кеңесшілер тобы кіріп, науқастың клиникалық шағымдарына қарап оған қойылған «тырысқақ» диагнозы расталды. Екінші болып вагонға эпидемиолог-дәрігерлері мен зертхана мамандарынан құралған эпидемиологиялық топ кіріп, олар науқастан эпид-анамнез жинап, індетке қарсы профилактикалық іс-шаралар жүргізді. Науқасты оқшаулауға ауруханаға жолдама береді. Келесі кезекте вагонға фельдшерлер мен санитарлардан жасақталған эвакуациалық топ кіріп, науқасты зембілге салып, жедел жәрдем көлігіне жеткізеді.
Одан әрі науқас Атырау облыстық жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызуға жіберілді. Науқас жөнелтілген соң, вагонға дезинфекция тобы кіріп қорытынды залалсыздандыру шараларын жүргізді.
Шара аяқталған соң оқу-жаттығу және ұйымдастыру жұмыстарына талдау жасалып, қорытындысында мамандар дайындығы «жақсы» деп бағаланды. Осы оқу-жаттығу жұмыстары арқылы арнайы ұйымдардың аса қауіпті, әрі жұқпалы «тырысқақ» ауруының ошағы пайда болған жағдайдағы шұғыл атқарар әрекеттері тексерілді.
Мұратбек ЖАҢАБАЙ