Түйткілді мәселелер – мәжілісмендер назарында

  Атырау қаласында жер телімін алуға 70 мыңға жуық адам кезекте тұр. Осыған орай, қалалық әкімдік болашақта инфрақұрылымы тартылған 6000 жер телімін тұрғындарға бермекші. Ал, пәтер кезегінде тұрған жандардың мәселесі тұрғын үй комбинатымен бірлесіп салынатын үй есебінен шешіледі. Бұл туралы «Нұр Отан» партиясы Атырау қалалық филиалында ҚР Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраевпен тұрғындардың кездесуі барысында мәлім болды.

  Сонымен қатар, тұрғын үймен қамту үшін облыс орталығындағы Амандосов, Азаттық және Досымов көшелеріндегі ескі баспаналар бұзылып, орнына жаңа үйлер салу көзделген. Кездесу барысында халық қалаулысы облыс орталығында мемлекеттік бағдарламалардың орындалысы мен бизнесті қолдау және жұмысшы мамандардың біліктілігін арттыру, дуалды оқыту жүйесіндегі жаңашылдықтарды жандандыру жөнінде сөз қозғады. «Нұр Отан» партиясы Атырау облыстық филиалының баспасөз хатшысы Эльмира Тұңғатарова хабарлағандай, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Бейбіт Мамраев пен Бақытгүл Хаменовалар Атырау қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметкерлерімен де кездесті. Халық қалаулылары жыл басында қайта құрылған құрамның жұмыс барысымен танысып, оларды толғандырған сауалдарға жауап берді.

  Тәртіп сақшыларының қызмет сапасын арттыруға қатысты ұсыныстарын тыңдады. Атырау қалалық ішкі істер басқармасының жергілікті полиция қызметі құрылған уақыттан бері қала тұрғындарынан 5 мыңға жуық арыз-шағым түсіп, қаралған. Соңғы алты айда Атырау қаласы бойынша 2000-ға жуық отбасылық зорлық-зомбылық фактісі тіркелген. Бұрын бала-шағасының шырқын бұзған азаматтар 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынатын болса, қазір жаңа әкімшілік кодекске сай олар үш сағаттан кейін босатылады екен. Бұл көп жағдайда одан да ауыр қылмыстарға жол беретін көрінеді. Кездесу барысында құқық қорғау қызметкерлері осыған орай қолданыстағы заңнамаға толықтырулар мен өзгерістер енгізу керектігін айтты. Содан соң халық қалаулылары «Иманғали» орталық мешіті ғимаратында имамдармен кездесіп, бүгінгі күні туындап отырған өзекті мәселелер бойынша ойларын ортаға салды.

Абай АҚМҰРЗИЕВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз