ТУЫНДАҒАН МӘСЕЛЕ УАҚЫТЫНДА ШЕШІЛЕДІ
Ақтөбе-Астрахан жолы салынады
«ҚазАвтоЖол» ҰК» акционерлік қоғамының басқарма төрағасы Ермек Қизатовтың айтуынша, бүгінгі күні автожол саласындағы барлық жобалар өз уақытында жүзеге асуда. Атап айтқанда, «Семей – Қалбатау» учаскесінің 118 шақырымы жаңғыртылған. Бұдан бөлек, Астана – Павлодар, Павлодар –Семей аралығындағы 496 шақырымды құрайтын 16 учаскеде жұмыстар жанданған.
— Осылайша, Астана күрежолы Ертіс өзені арқылы салынып жатқан көпірмен «Павлодар – Семей» автожолына жалғасады. Биыл осы бағыт бойынша 102 шақырым аяқталып, қалған учаскелер 2016-2017 жылдары екі кезеңмен қолданысқа беріледі, — деді Е.Қизатов.
Брифингте биыл жалпы ұзындығы 1300 шақырымды құрайтын 40 жол учаскесінде құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізілетіндігі айтылды. Соның нәтижесінде, 424 шақырым жол пайдалануға берілмек. Алдағы жоспарға сәйкес, «Астана – Алматы» жобасы бойынша Теміртау, Қарағанды, Балқаш, Қапшағай қалалары арқылы жалпы ұзақтығы 1282 шақырым жол салу жоспарланған. «Астана – Өскемен» жобасы бойынша жол бағыты Павлодар мен Семей қалалары арқылы өтіп, оның жалпы ұзақтығы 1018 шақырымды құрамақ. Ал, «Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау» бағыты келешекте Атырау қаласынан Ақтау мен Астраханға шығуға дейін жалғаспақ. Осылайша, бұл бағытта шамамен 2000 шақырым жол жаңғыртылады.
Шығынның көлемі 2,6 млрд. теңге
Көктемгі су тасқыны республикадағы біраз жолды шайып кетті. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Ермек Қизатов шығынның көлемі шамамен 2,6 млрд теңгені құрайды деп отыр.
Мәселен, республикалық деңгейдегі жолдарды су басып қалудың 90 оқиғасы тіркелген. Соның ішінде Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан облыстарындағы жолдарды су шайған.
— Бүгінгі күні 10 жол учаскесінде жол төсемдері мен өткелдер, көпірлер мен құбырлар бұзылып, 50 учаскеде жол жиегін толығымен су шайып кетті. Шығыс Қазақстандағы екі, Павлодар облысындағы бір көпір толығымен қирады. Өкінішке қарай, жаңа ғана Шығыс Қазақстан облысында Зыряновск қаласы маңындағы Өскемен–Зыряновск жолының бүлініп, көпірді су шайып кеткені туралы ақпарат алып отырмыз, — деді Е.Қизатов.
Оның айтуынша, су тасқынының салдарын жою үшін арнайы штабтар құрылған. Барлық дерлік жолдарда қозғалыс жандандырылса, тек екі учаскеде екі көпірдің бүлінуі салдарынан жол жабылған. Қазір қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Браконьерлердің жолы кесілді
«Бекіре – 2015» науқаны барысында біраз заңсыздықтың жолы кесілді. Балық қорғау инспекторлары браконьерлерден 27 тонна балық (оның ішінде бекіре балығы – 1 тонна), шамамен 18 келі қара уылдырық, 1200 балық аулау мен 176 жүзу құралын тәркіледі. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
Ауыл шаруашылығы вице-министрі Ерлан Нысанбаевтың баяндауынша, науқан бастал-ғаннан бері табиғат қорғау заңнамасының 226 табиғат қорғау заң бұзушылығы анықталған. Соның 198 фактісі – балықты заңсыз аулау, 20 – заңсыз тасымалдау, 6 факті – заңсыз сатып алу және сату. Әкімшілік жауапкершілікке 171 адам тартылды, оның 39-ы сот тәртібімен жауапкершілікке шақырылып отыр.
Азамат Базарбаев.