Жарнама
Жаңалықтар

Түрік отбасы автобуспен Анкарадан Астанаға көшпенділер ойынына келе жатыр

Ерлі-зайыптылар қолдан үйге айналдырған жеке автобусымен Дүниежүзілік көшпенділер ойынын тамашалау үшін Анкарадан Астанаға жолға шықты, — деп жазады ҚазАқпарат агенттігі. 

1982 жылғы көне автобусқа мінген Идил мен Бурак Дуран екі жасар ұлымен бірге 8-13 қыркүйекте Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойынына бара жатыр. 

Клиникалық психолог Идил Дуран мен ағаш ұстасы Бурак Дуран екі жасар ұлы Гүнеш Кутлуханмен бірге Ыстанбұлдағы күнделікті тіршілігін уақытша тастап,  9 айдан бері «Көшпенді» деп аталатын автобуста өмір сүріп келеді.

а
Фото: Анадолы агенттігі

1982 жылы шыққан жолаушылар автобусын трейлерге айналдырған Дуран отбасы «Ол қай жақ» деп аталатын әлеуметтік желідегі парақшасында күнделікті өмірі мен саяхатынан сыр шертеді.  

Сапарын ел астанасы Анкарадан бастаған Дурандар Астанаға дейін 5400 шақырым жолды жүріп өтуі керек. 


Анадолы агенттігінің тілшісіне Бурак Дуран автобустан керуен жасап, оны баспанаға айналдырғанын және бұл шытырман оқиғаның үш жылға созылғанын айтады.

«Көшпенділер ойынының биыл Қазақстанда өтетінін естіп, неге „Көшпенді“ деп аталатын автобусымызбен алыс саяхатқа шықпасқа деген ойға келдік. Рас, алдымызда ұзақ жол бар. Бұл ойымызды естігендердің бәрі „жындысыңдар ма?“ деп жатыр. 5 мың 400 шақырымды жүріп өту оңай емес. Көлігімізде оны-мұны кем-кетік болды, жолға шығар алдында бәрін жөндеп алдық. Жөндеп жатқан механик шеберлер де Қазақстанға баратынымызды естігенде таң-тамаша болды», — дейді Бурак Дуран.  

а
Фото: Анадолы агенттігі

Идил Дуранның айтуынша, олар Түркиядан Грузияға, одан кейін Ресейге өтіп, Татарстан арқылы Қазақстанға жетпек. 

«Ұлымызбен бірге бүкіл Орталық Азияны аралаймыз. Осы тұста көзіме жас келіп, біраз толқып тұрмын. Өйткені менің шыққан жерім — Орталық Азия», — дейді Идил. 

көшпенді
Фото: Анадолы агенттігі

Идил Дуран автобусты керуенге айналдыру процесін және өз өміріндегі өзгерістерді былай әңгімелейді:

«Бұл машақат үш жылға созылды, бірақ соған татиды. Біз Ыстанбұлдағы үйді кілттедік те, трейлерге көштік. Бұрын да біраз саяхаттап, кэмпке баратын демалушы да, жаяу турист те болып үлгергенбіз. Алайда қазір әлдеқайда ыңғайлы — үйімізден шықпай-ақ елімізді аралап жүрміз. Екі жасар ұлымыз әрқашан бізбен бірген. Осылайша біз оған еліміздің сұлулығын, жер-жердегі мәдениетті көрсетіп, халықпен қоян-қолтық араластырып, қызық әрі тәрбиелік мәні зор өмірмен таныстырып жатырмыз. Трейлермен саяхаттау — шынымен де тамаша жайлылық сыйлайды. Тоғыз айдан бері сыртта жүрміз, қазір пәтерге кіргенде біртүрлі өкпеміз қысылып, сыймай кетеміз. Бұл біздің баламыз да осылай еркін болып ержетеді деген үміт береді». 

а
Фото: Анадолы агенттігі

Еске сала кетейік, Астанада өтетін Дүниежүзілік көшпенділер ойынының басталуына 12 күн қалды. 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button