Тұрғындар тілегі ескерусіз қалмайды
ӘКІМДЕРДІҢ ХАЛЫҚПЕН КЕЗДЕСУЛЕРІН ӨТКІЗУ ТУРАЛЫ ЕЛ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ ЖАРЛЫҒЫНА СӘЙКЕС, ОБЛЫС ӘКІМІ МАХАМБЕТ ДОСМҰХАМБЕТОВ ДАМБЫ АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ТҰРҒЫНДАРЫМЕН КЕЗДЕСТІ.
Халқының саны 4 мыңға жуық аталған округке Дамбы және Амангелді ауылдары қарайды. Алдымен аймақ басшысы ауыл тұрғындарын жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Азаматтардың көтерген сауалдары ауылдардың әлеуметтік-экономикалық мәселелеріне қатысты болды. Олар округте амбулатория салу, мектеп құрылысын аяқтау мен іске қосу, сондай-ақ жайылымдық жерді кеңейту, мәдениет үйін, спорт алаңын салу, балық шаруашылығын дамыту мәселелерін көтерді. Мәселен, қабылдауға келген еңбек ардагері Санат Тілепбергенов ауылға амбулатория салу қажеттігін айтты.
«Дамбы дәрігерлік амбулаториясының филиалы – Амангелді фельдшерлік[1]акушерлік пункті 1957 жылы салынған. Ғимаратының тозығы жеткен, емделуге келген науқастар үшін ыңғайсыз. Сол себепті кемінде сыйымдылығы 15-20 адамдық пункт қажет» деді ол.
Облыс әкімі аталған нысан үшін жер құжаттары дайын екенін, қаражат көзі шешілгеннен кейін құрылыс жұмыстары басталатынын жеткізді. Одан соң Махамбет Досмұхамбетов округтің тұрғындарымен кездесті. Дамбы мәдениет үйінде өткен кездесу барысында атқарылған жұмыстар туралы баяндама жасаған округ әкімі Ұзақбай Байзуллин өткен жылы Дамбы және Амангелді ауылдарында бірқатар мәселе шешімін тапқанын атап өтті.
– 2021 жылы ішінде Дамбы–2 ауылының жол мәселесі шешілді, яғни ұзындығы 2,2 км болатын 7 көшеге асфальт жол салынды. Осылайша, округтегі 27 көше 100% асфальттанды. Шешімін тапқан тағы бір мәселе – былтыр мемлекеттік жеке әріптестік негізінде округтің басты 9 көшесіне түнгі жарық жүргізілді, — деді округ әкімі.
Жиында тұрғындар тарапынан бірқатар сауал қойылып, ұсыныстар берілді.
«Мен жеке кәсіп ашып, еңбек еткім келеді. Алайда, құжат жинау мен несие рәсімдеуде қиындықтар кездесуде. Сол себепті жеңілдіктер қарастыруды сұраймын» деді ауыл тұрғыны Света Өтеғалиева.
Аймақ басшысы бұл жеңілдіктер заң шеңберінде қарастырылатынын, дегенмен тиісті деңгейде кәсіпкерлікке әрдайым қолдау көрсетіліп келе жатқанын атап өтті. Жиында көтерілген мәселелерге байланысты облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысына тапсырма берді. Одан өзге кездесуде тұрғындар тарапынан балық өсіруді дамыту, Жайық өзенін тереңдету бағытында ұсыныс айтылып, сауалдар қойылды. Тұрғындардың сауалдарына жан-жақты жауап берген Махамбет Досмұхамбетов берілген ұсыныстар кеңінен зерделеніп, шешу жолдары қарастырылатынын атап өтті.
– Сұрақтарыңыздың бәрі де ел әлеуетін арттыру үшін қойылып жатқан халықтың көкейіндегі мәселелер. Алайда, сауалдардың кейбірі облыс деңгейінде шешімін табатын болса, бірқатары Үкіметтік деңгейде көтерілетінін ескеруіміз керек, — деген М.Досмұхамбетов қала әкіміне, жауапты басқарма басшыларына бірқатар тапсырма берді.
Жиынды қорытындылаған аймақ басшысы халықтың әл-ауқатын арттыру бағытында жұмыстар жүргізіле беретінін баса жеткізді. Айта кетейік, тұрғындармен кездесуге Атырау қаласының әкімі мен орынбасарлары, облыстық басқарма басшылары мен тиісті мемлекеттік орган өкілдері де қатысты.
Амандық САҒЫНТАЙҰЛЫ
Суретті түсірген: Ерлан АЛТЫБАЕВ