Тұрғын үй кезегі «Отбасы банк» базасына ауысады
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне тұрғын үй саясатын реформалау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңға қол қойды. Бұл заң «Отбасы» банкіне ұлттық даму институты мәртебесін және оған тұрғын үй кезегін орталықтандырып жүргізу құқығын береді. Соған сәйкес 24 мамырдан бастап елде тұрғын үй алу кезегінің басқару жүйесі жаңартылып, «Отбасы банк» АҚ-ның «Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы» базасына ауыстырылады. Өзгеріс тұрғын үй кезегінің ашықтығын арттыруға және процесті жеңілдетуге бағытталған. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметі хабарлайды.
Осыған байланысты жергілікті әкімдіктердегі кезекте тұрған азаматтардың деректері жаңа жүйеге көшіріледі. «Отбасы банк» АҚ қызметкерлерінің мәліметінше, бұл өзгерістің басты артықшылығы, кезекке тұрған азаматтар өз дәрежесін онлайн бақылап, қалай жылжып жатқанын көре алады. Сондай-ақ тұрғындар «Отбасы банк» платформасы арқылы өз деректерін жаңарта алады және қажетті құжаттарды электронды түрде жүктей алады.
–Бұл жүйе мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларына қатысушыларға, әлеуметтік осал топтарға және кезекте тұрған басқа да азаматтарға қатысты. Бұрынғы жүйеде тіркелген кезек автоматты түрде жаңа базаға көшіріледі. Қазір мәліметтерді көшіру жұмыстары жүргізілуде. Азаматтар үшін қосымша кеңес беру орталықтары мен байланыс желісі іске қосылады. Толық ақпаратты «Отбасы банк» ресми сайтынан немесе жергілікті әкімдіктерден алуға болады, — деді «Отбасы банк» АҚ Атырау облысы филиалының директоры Нұржан Ғилажұлы.
Еске сала кетейік, 24 мамырға дейін Атырау қаласы және аудан әкімдіктері тұрғын үй кезегінде тұрған азаматтардың деректерін нақтылау жұмыстарын аяқтауы тиіс. Содан кейін тұрғын үй кезегі «Отбасы банк» жүйесіне көшіріліп, орталықтандырылған форматта басқарылатын болады.