Жарнама
ЖаңалықтарШаһар шырайыҚоғам

Әттең…

«Полиэтилен пакетке оралған нәресте табылды», «сәбиінің денесін бөлшектеп лақтырып кетіпті». Өз баласын өз қолымен өлтірген «аналар» туралы осындай суық хабарлар екі күннің бірінде ғаламтор бетінде жүретін болды. Жаның түршігеді. Мұндай патологиялық қатыгездік қайдан шығып отыр? «Баласын бауыр етіне» балаған қазақ әйелі өз шаранасынан неге өзі жерінді?

Деректерге сүйенсек, мұндай қадамға барған қатыгез «аналардың» дені ойнақтап жүріп от басқан жас қыздар екен. Болары болып, бояуы сіңгеннен кейін, бойына жоспарсыз біткен бейкүнә баладан арылудың «жолын іздейтін» олар, сәбиді әжетхана, қоқыс жәшігі немесе жол жиегіне керексіз зат секілді лақтырып кетуді тығырықтан шығар жол санайды.

Психолог Нәсіп Қуанова мұндай қылмысқа баратындардың сол сәтте аффектілік күйде болатынын айтады. Яғни, олар өзінің не істеп, не қойғанына есеп  бере  алмайды.

Атырау облыстық ішкі істер департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Гүлнәзира Мұхтарова  2012-2013 жылдары облыс орталығында мұндай екі оқиғаның тіркелгендігін айтты. Оның біреуі – «Насиха» сауда орталығы маңындағы көп қабатты үйлердің жертөлесінен табылған сәби. «Кейін оның анасы да анықталды. Жас қыз сәбиді өзін тастап кеткен жігітіне қалдыруды жөн санап, баланы оның үйінің маңына әдейі әкеліп тастаған екен. Сот арқылы баланың әкесі сол жігіт екендігі дәлелденіп, ол сәбиді асырап алды. Тағы бір тастанды бөбек кейін Алмагүл ықшамауданындағы қоқыс жәшіктерінің бірінен де табылды. Өкініштісі сол, оның анасы анықталмаған күйі қалды» дейді ол.

Қоғамдық белсенді Айғанша Тілеужанова «тасбауыр «аналардың» көбеюіне әлеуметтік жағдайдың да әсері тиіп отыр» деген пікірде. Үнемі қолды байлайтын жоқшылық, баланың болашағына деген сенімсіздік, жалғыздық та жас ананы тығырыққа тірейді. Және … тоғыз ай бойына жүрегінің астын паналаған періштеден безінгендердің «әкем  ұрсады», «анам не дейді», «айналамнан ұят» деген секілді сан сылтаумен өзін ақтап алғысы келетіні де жасырын емес.

Өз сәбиін өз қолымен өлтіргендердің артында тұрған себептерді бұл жағдайлармен ғана байланыстыруға болмас. Жарық  дүние есігін жаңа ашқан сәбиін бауырына басуды ар санаған әйел бойындағы аналық сезімнің әлсіреуіне, тас бауырлыққа себеп болған қоғамдық  дерттің белең алу себебін санамалап беру де мүмкін емес.

Осы тектес қылмыстық оқиғаларды қарап отырсаңыз, тергеу материалдары оқиға себебін психикалық ауытқушылықпен, некесіз бала туу немесе бойжеткеннің жастығымен  байланыстырады. Сөйтеді де, түпкі мәселе жабық күйінде қала береді. Ағаштың жапырағын жұлғанмен, оның тамыры өмір сүруін бәрібір тоқтатпайтынын түсінетін кез келмеді ме?..

Рита  ӨТЕУҒАЛИ.

P.S. Осындай оқиғаларды ғаламтор беттерінде, бұқаралық ақпарат құралдарында жарыса жазу қаншалықты қажет? Біз мұнымен бөбегіміздің бұйым құрлы құны болмай бара жатқанын жарнамалап отырған жоқпыз ба? Жантүршігерлік оқиғаларды оқи отырып, кейде осындай ойға еріксіз беріледі екенсің… Әттең…

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button