«Цифрлық Қазақстан»: Бәсекелестікке бастайтын бағдарлама

basekelestikke Жаңалықтар

«Ақылды қала» жобасы аясында Атырауда екі бірдей инновациялық жоба жүзеге асуда. Жобаның бірі – «Қауіпсіз қала». Бұл туралы Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен өткен жиында белгілі болды.

????????????????????????????????????

«Атырау» архивісандық форматта

 «Атырау» газетінің шыға бастағанына 95 жыл толу датасына орай, басылымның осыған дейінгі барлық архиві сандық форматқа көшіріліп, облыстық архив пен облыстық кітапхана игілігіне берілмекші. «Көшірмелер баршаға қолжетімді болуы үшін atr.kz сайтына да салынатын болады. Осы арқылы  облыстық басылым тарихын зерттеушілер газеттің кез келген нөмірін интернеттен тауып алып, оқуға мүмкіндік алады» деп атап өтті «АтырауАқпарат» медиасеріктестігінің директоры Баязи Әбдешев.

Сондай-ақ, спикер облыстық «Прикаспийская коммуна» газетінің тігінділерін де сандық форматқа көшіру жоспарланып отырғанын хабарлады. Айта кетелік, медиасеріктестіктің «Электронды БАҚ» редакциясында барлығы 11 электронды ресурс бар. Оның екеуі облыстық газеттердің, жетеуі аудандық басылымдардың веб-сайттары болса, atpress.kz ақпараттық порталы мен atyrau-akparat.kz корпоративтік сайты облыстың ақпараттық саясатын жүргізуге өзіндік үлесін қосып отыр.

Ұлттық цифрлық теледидардың қосылым деңгейі – 61%

Мұнайлы аймақ бойынша ұлттық цифрлық теледидардың қосылым деңгейі –61%. Бір қызығы, цифрлық қосылым Махамбет және Жылыой аудандарында жоғары деңгейде болса, ең төменгі 50% көрсеткіш Атырау қаласы мен Индер ауданына тән. Оның себебін «Қазтелерадио» АҚ Атырау облысы бойынша филиалының директоры Дархан Хұсынов ақпараттық қауіпсіздік мәселесімен түсіндіріп отыр. Жоба бойынша, облыс көлемінде жоспарланған цифрлық эфирлік теледидары сигналымен қамту деңгейі 90-95% болуы қажет екен. Цифрлық эфирлік теледидар сигналымен қамтылмай отырған Жылыой ауданының Майкөмген ауылының тұрғындары, Қызылқоға ауданының Тайсойған ауылы тұрғындары, Құрманғазы ауданының Үштаған ауылы тұрғындары жерсеріктік ОТАУ ТВ теледидарымен бүгінде 95 %-ға дейін қамтылып отыр. Бұл–әжептәуір көрсеткіш. Бірақ, Ресей елінің шекарасында орналасқан Құрманғазы ауданына қарасты Қиғаш ауылының тұрғындары цифрлық эфирлік теледидармен қамтылмай келеді. Және отандық  жерсеріктік ОТАУ ТВ теледидарымен қамтылу деңгейі небәрі 50  пайыздан әріге аспай отыр. Аталған елді мекен  тұрғындарының таңдауы негізінен шетелдік жерсеріктік теледидарға түсуде.

«Облыс көлемінде жергілікті тұрғындардың шамамен 15-16 пайызы шетелдік жерсерікті пайдаланып отыр. Негізінен бұл жерсеріктік теледидарлар Ресей елінің операторларының қызметі. Олардың көпшілігінің Қазақстанда бірде бір өкілдігі жоқ. Бұл Қазақстан Республикасының қолданыстағы нормативтік-құқықтық базасының сақталмай отырғандығын көрсетеді. Сондықтан, ақпараттық қауіпсіздікті нығайту мәселесіне әлде де болса, көбірек назар аударғанымыз жөн. Әрі тұрғындар отандық жерсеріктік теледидардың сапалы қызмет көрсететінін білсе екен» дейді спикер.

«Қауіпсіз қала»

 «Қазақтелеком» компаниясының Атырау облысы бойынша филиалы биыл «Бұлтты бейнебақылау» жобасын іске қосты. Жобаға 185 үй қосылады. «Бұл жоба «Қауіпсіз қаланы» құру үшін керек.  Яғни, аталмыш жоба абоненттерге ұялы телефон немесе дербес компьютер көмегімен нақты уақыт режимінде өз үйлерінің кіреберістерінде болып жатқан оқиғаларды қадағалауға, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге  мүмкіндік береді» дейді «Қазақтелеком» АҚ Атырау облыстық филиалының Атырау  қаласы жергілікті желілер техникалық торабының директоры Нұрлан Макулов. Айтуынша, жобаны жүзеге асыру аясында кезең-кезеңмен бейнебақылау камералары қойылады. «Мәселен, бірінші кезеңде 10 кіреберісте 20 камера, екінші кезеңде 649 кіреберіс 1314 бейнебақылау камерасымен қамтылатын болады. Және үшінші кезеңде 330 кіреберіске 660 камера қойылмақ» дейді ол.

Спикердің айтуы бойынша, кіреберісте бірыңғай бейнебақылау желісіне қосылған екі-екіден бейнекамера қойылады. Олар кіреберістерді және алаңдарды бейнетаспаға түсіреді. Қызметтің құны – айына 300 теңге.

Тағы бір инновациялық бастама «Smart City» жобасы аясында жүзеге асады. Биыл басталатын пилоттық жобаға Атырау қаласынан 180 пәтер қатысады. «Яғни, «ақылды үй» жобасы аясында, пәтерлерге бейнекамера, көрсеткіштер беру қозғалысы, электр есептегіштердің деректерін есептеу жүйелері, сумен жабдықтау көздері жүйелері қойылады» дейді спикер Нұрлан Макулов.

Жиын барысында аудан, шалғай ауыл елді мекендерінде орналасқан мектептерді кең жолақты интернетпен қамтамасыз ету, ІТ мектептер ашуға максималды түрде жағдай жасау мәселелері де көтерілді. Және  «Қазақстан» РТРК Атырау облыстық филиалы директорының орынбасары Балауса Халелова, Байланыс және ақпараттандыру инспекциясының бөлім басшысы Рүстем Нұрғалиев, «Қазпошта» АҚ Атырау облыстық филиалының директоры Алтын Садықова өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде есеп берді.

 

Баян Жанұзақова

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз