ТРАНСҰЛТТЫҚ КОРПОРАЦИЯЛАР
Баспасөз мәслихаты Н. Назарбаевтың бес институционалдық реформалар аясындағы 100 нақты қадам Ұлт жоспарының іске асу мәселелеріне арналған болатын. Мемлекет басшысы «100 нақты қадам» аясында қайта өңдеу өнеркәсібі мен ауыл шаруашылығы саласына 10 трансұлттық корпорация тарту бойынша жұмыстарды жүргізуді жүктеген еді. Сонымен қатар, Елбасы трансұлттық компанияларға елімізде жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалуы тиістігін баса айтқан болатын.
«Он трансұлттық корпорация тарту жергілікті қазақстандық брендтің қалыптасуына септігін тигізеді. Ондай корпорациялар негізінен жаһандық нарықта брендтер құру және оны ілгерілету тәжірибелерімен ерекшеленеді. Яғни, мұндай тәжірибелерді олар Қазақстанда қолданулары керек. Соның ішінде еліміздің агроөнеркәсіп кешені басымдығын трансұлттық компаниялар пайдаланулары қажет. Тоқтала кететін жайт, қазірдің өзінде қайта өңдеу өнеркәсібі саласында шетелдік инвесторлар тарту тәжірибесі де елімізде жаман емес» деді А. Рақымжанова.
Бұл ретте сарапшы еліміздің даму институттары былтыр қайта өңдеу саласына 3,7 млрд. доллар тартқанын, алдағы уақытта да нақты жоспарлар бар екенін атап өтті. «Жалпы трансұлттық компаниялармен бірлескен кәсіпорындар құру — жақсы тәжірибе. Экономикалық секірістер жасаған дамыған елдердің басым бөлігі осы тетікті пайдаланған болатын», — деді ол.
Баспасөз мәслихатында Анар Рақымжанова журналистерге, сондай-ақ, «Ашық үкімет» бастапқы тұғырнамасы ағымдағы жылдың күзіне қарай дайын болатындығын мәлімдеді. Бұл платформа барлық мемлекеттік органдардың ұсынатын мәліметтерімен біртіндеп толыға түседі. Осының нәтижесінде ел азаматтары мемлекеттік бюджеттің шығыстарын бақылау үдерісіне белсенді түрде қатыса алатын болады. Оның айтуынша, Ұлт жоспары аясындағы Қазақстанның салықтық саясатындағы өзгерістер бойынша кірістерді есептеу тиімділігі арта түседі. Бұл ретте сонымен бір мезгілде азаматтарға мемлекеттік кіріс қаражаттарының жұмсалуын бақылау мүмкіндігі де ұсынылмақ.