Жарнама
Инфрақұрылым

Тозған жол жөнделе бастады

Атырау қаласының инфрақұрылымын дамыту – тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырудағы басты бағыттардың бірі. Соңғы жылдары қала ішіндегі жолдар мен көлік бағыттарын жаңғырту жұмыстары күн тәртібінен түспей келеді. Солардың бірі – қала аумағындағы маңызды көлік артериясы саналатын «Атырау-Индер» тасжолын жөндеу жұмыстары.

Бұл жолдың қала аумағындағы 10 шақырымдық бөлігі қайта жаңғыртылып жатыр. Екі айға жуық уақыт бұрын басталған құрылыс жұмыстары бүгінде қызу қарқын алған. Күнделікті жұмысына, балабақша мен мектепке осы жол арқылы қатынайтын тұрғындар үшін бұл жаңалық шынында да көптен күткен шешім еді.

Жөндеу жұмыстары аясында «Жұлдыз-3» шағынауданы мен Томарлы ауылының тұсындағы жол бөлігі уақытша жабылып, көлік қозғалысының сызбасы өзгертілген болатын. Бұл кейбір жүргізушілер мен жолаушыларға қолайсыздық туғызғанымен, тұрғындардың көпшілігі бұған түсіністікпен қарап отыр. Себебі соңғы жылдары бұл жолдың әбден тозығы жетіп, жаңбыр мен еріген қар суының салдарынан ой-шұңқыры көбейген еді. Көліктің дөңгелегі жарылып, ойқы-шойқы жолдан сақтанбақ болған жүргізушілер жол апатына жиі ұшырап жатады.

Атырау қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Ғасырбек Төлегеннің айтуынша, құрылыс алаңына қазір 15-ке жуық арнайы техника мен тәжірибелі мамандар жұмылдырылған.

– Қазір жолдың негізгі қабаты нығыздалып жатыр. Бұл болашақта жол төсемесінің сапасы мен пайдалану ұзақтығына әсер етеді. Учаскені толық аяқтау осы жылға жоспарланған. Бұрын бұл бөлікте тек ағымдағы жөндеу ғана жасалып келген, — деді әкімдік өкілі.

Алдағы уақытта біз де өз тарапымыздан тасжолдың жай-күйі жөнінде оқырмандарды тұрақты түрде хабардар етіп отыруды көздейміз. Ал, жол бойындағы шағынаудан тұрғындары жасалып жатқан жұмыстың сапалы да жылдам аяқталуын күтіп отыр.

– Күн сайын осы жолмен қалаға қатынаймын. Жолдың қазіргі жағдайын сөзбен айтып жеткізу қиын. Ой-шұқыр, шұрық-тесік жолда көлікпен жүру мұң. Көліктің астыңғы бөлігі шіріп, бөлшектері сыр беріп жатыр. Жылдамдық шектеуі сағатына 60 километр болғанымен, кейбір  күндері жылдамдықты 40-тан асыра алмаймыз. Одан арттырса, көліктің жүрегі үзіліп кетердей. Бұл жолдың соңғы рет жөнделгеніне он жылдан асты. Осы уақыт ішінде бірнеше жауапты адам ауысып, талай уәде берілсе де нәтиже болған жоқ. Жыл сайын көктем келсе, еріген қар мен жаңбыр суы жолдың халін одан сайын нашарлатады, — дейді Талқайраң ауылының тұрғыны Мұрат Ізмұханов.

Үш жыл бұрын сол кездегі қала басшылығы көлік жолын Талқайраң ауылынан бастап жөндеудің тиімсіз болғанын айтқан еді. Өйткені «Жұлдыз» бен «Көктем» шағынаудандарының аралығы – қаладағы тұрғындар көп пайдаланатын негізгі көлік бағыты. Көлік кептелісі жиі орын алатын осы аумақтың жолын жаңғырту қажеттігі бұрыннан айтылып жүр. Нақты жұмыс араға үш жыл салып қайта қолға алынып отыр.

Атырау қаласындағы көлік инфрақұрылымын дамыту – тек жол салу емес, тұрғындардың күнделікті қауіпсіздігі мен өмір сапасын жақсартуға бағытталған маңызды қадам. «Атырау-Индер» тасжолының қайта жаңғыртылуы – жылдар бойы қордаланған мәселенің шешілуіне басталған нақты әрекет. Тұрғындардың үмітін ақтап, жол сапасын арттыру – билік пен мердігердің басты міндеті. Ендігісі – қолға алынған істің сапалы әрі уақтылы аяқталуы. Себебі бұл жол – қарапайым халықтың күнделікті тіршілігінің күретамыры.

* Бет қатталып жатқанда…

Зульфия БАЙНЕКЕЕВА,

 жоба мердігері «Атырауинжстрой-АИС» ЖШС-нің өкілі:

– Қазір Томарлы ауылынан «Көктем» шағынауданына дейінгі 1,6 шақырымдық аумақта дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Атап айтқанда, жер төсемі мен жабынды қабаты төселіп, жиектастар орнатылуда. Сосын екі қабат асфальтті бетон жабыны мен үстіңгі қабатқа қиыршық тастан негіз төсеу жоспарланған.

Бұл учаскеде жұмыс істеп жатқан 10-нан астам арнайы техника, генератор және бетон араластырғышқа 10-нан астам жұмысшы тартылған.

Алмас ҚАБДОЛ

Суреттер автордікі

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button