ТОҚСАН ЖАСТЫҢ ТОЛҒАУЫ
— Шөпеке, алдымен толғаулы тоқсан жасыңыз құтты болсын! Осынау биіктен кейінге көз салғанда нендей ой түйесіз?
— Е, шырағым, 90 деген – аз жас емес. Қатарластарымның көбі әлдеқашан о дүниелік болып кетті. Маған осыншама өмір сыйлаған тағдырыма разымын.
Менің саналы ғұмырым журналистикамен тығыз байланысты. Рас, еңбек жолымды Манаш ауылдық кеңесінде хатшылықтан бастағам. Бірақ, сол кезде-ақ баспасөзбен байланыс жасап тұрдым. Ұлы Отан соғысының кезі ғой. Ерлер майданға аттанған, ауылда әйелдер мен балалар қалды. Мен соларды жігерлендіретін өлең жазамын. Сөйтіп, «ақын бала» атандым. Кейін біраз уақыт аудандық атқару комитетінің жауапты хатшысы болдым. Әйтсе де, ақындық маған қонбады, журналистикаға ден қойдым. Сөйтіп, 1953 жылдан бастап облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің Новобогат (қазіргі Исатай) және Теңіз (қазіргі Құрманғазы) аудандары бойынша меншікті тілшісі болдым. Екі жылдан соң қалаға келіп, редакциядағы ауыл шаруашылығы бөлімінің меңгерушілігіне тағайындалдым. Міне, содан зейнеткерлікке шыққанша газет жұмысынан қол үзгенім жоқ.
Әсіресе, соғыс кезінде газет шығару қиын еді. Бірінші бетке міндетті түрде Жоғары Бас қолбасшы И.Сталиннің суреті мен бұйрығы берілетін. Одан әрі майдан даласынан хабарлар, тылдағылардың ерен еңбегі, жеңіске жігерлендірген өлеңдер басылатын. Арқалы ақын Асқар Тоқмағамбетовтің «Мұнайшылар, мұнай бер!» деген ұранды өлеңі біздің облыс-тық газетте жарияланды.
— Бүгінде «Шөпекеңнің шекпенінен шыққанбыз» дейтіндер көп. Қанша шәкірт тәрбиеледіңіз?
— Алдымен өзіме бағыт бергендерді айтайын. Берік Қорқытов ағамыз майдан даласындағы жағдайды, ауылдағы ахуалды жиі жазатын. Содан үлгі алдым. Қазақстан Жазушылар одағының Гурьевтегі өкілі Саламат Хайдаров ағалық ақылын айтып, кісілік келбетін көрсетті.
Кейін әбден төселген соң өзгелерге бағыт бере бастадым. Ол кезде қызғаныш деген болмайтын, әркім өз тәжірибесін ортаға салатын. Өзім «осынша шәкірт дайындадым» деп санамаймын. Бірақ, кейінгі толқын менен үлгі алғанын айтса, әрине, қарт көңіліме қуаныш. Газет «Коммунистік еңбек» деп аталып тұрған кезде Тәжі Ақымов, Құмарғали Ғабдешев, Мақсот Елеусінов, Төлеген Жаңабайұлы, Жаңбырбай Сұлтанғалиев, Тасмағамбет Текеев, Арынғазы Мырзағалиев, Кеңес Тұрышев, Төлеген Берішбаев және басқа да жігіттермен жұмыстас болдым. Олар өткен ғасырдың майталман журналистері еді. Әрқайсысы газетке мақала ғана емес, өлең-әңгімелер де жазатын. Қазір біразы өмірден өтіп кетті. Міне, солардың бәрінің жасы менен кіші. Егер аға тұтып, ұстаз санаса құба-құп.
Бүгінде облыстық газет редакциясының құрамы мүлдем өзгерді. Мен қызметке орналасқанда хат бөлімінің меңгерушісі Хадиша Сұлтангереева деген жалғыз қыз еді. Кейін де қыздар аса көп болған жоқ. Бүгінде қалам ұстап жүргендердің дені – қыз-келіншектер. Өзіммен жұмыстас болғандардан газетте екі-үш адам ғана қалыпты. Солардың бірі – ерекше тындырымдылығымен, бөлекше талантымен әу бастан-ақ зор үміт күттірген Исатай Балмағамбетов бүгінде ұжымға жетекшілік етіп отыр. Ұрпақ сабақтастығы деген осы емес пе? Қазақ «кейінгіге қарап қартаярсың» деген…
– Шөпеке, алдымыздағы наурыз айының басында газетіміздің 20 000-шы санын шығарғалы жатырмыз. Тоқсандағы абыздың айтар тілегі қандай?
— Жиырма мың болып қалғаны ма?! Бұл – газеттің 93 жылдық тарихындағы үлкен белес, айтулы оқиға. Оны жарыққа шығару бақыты газет қызметкерлерінің бүгінгі буынына бұйырған екен, соны бағалау керек. Осы оқиғаны облыс көлемінде кеңінен атап өткен абзал. Алдыңғы толқын ағалардың есімдерін де жаңғыртқан жөн.
Қазір редакция құрамы көп жаңарды ғой. Өзіндік қолтаңбасымен жастар келіп қосылды. Ілгергі буын да бар. Міне, толымды тәжірибе мен жастық жалын тоғысқан редакция ұжымы келер күндер биігіне батыл беттеп келеді. Баршасына жемісті еңбек, шығармашылық шабыт тілеймін. Бәрің де аман болыңдар, қарақтарым!..
Жазып алған:
Меңдібай СҮМЕСІНОВ.