«Төбемізден жай түскендей күй кешіп қалдық» дейді еңбек ардагері Андрей Бисенбаев
Atr.kz/19 наурыз, 2019 жыл. «Өте тосын, күтпеген жағдай болды» дейді Елбасының Президенттік өкілеттігін тоқтатуы туралы пікір білдірген Атырау қаласының тұрғыны, еңбек ардагері Андрей Бисенбаев.
» Еліне етене жақын Елбасымыздың Президенттік өкілеттігін тоқтатуы бізге өте тосын, күтпеген жағдай болды. Төбемізден жай түскендей күй кешіп қалдық.
Кешегі бір кезеңдерде елімізді бірнеше рет экономикалық қиындықтан алып шыққан Президентіміз биліктен кетемін дегенде, шыны керек, көзімізге еріксіз жас үйірілді.
«Ендігі болашағымыз қандай болады? Оның ізін жалғастырушы адам осындай бейбіт ғұмыр орнықтыра ала ма?» деген тосын ой көкейімізге орын тебе бастағанда, көшбасшымыз Сенат төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың есімін атап, алаңдаулы көңіліміз орнына түскендей болды. Өйткені, халық Тоқаевты қолы адал, ісі мығым адам есебінде таниды. Сол себепті ол Елбасымыздың алға қойған ірі идеяларын жалғастырып кете алады деген сенімдеміз.
Елбасымыздың күні кеше ғана, кетер алдында Елордамыздың төрінен 30 мың адамдық зәулім мешіттің орнын белгілеп, қадасын қадап кетуі зор көрегендік, қарапайым қазағы ұмытпайтын игі іс болды деп есептеймін. Нұрсұлтан Назарбаевтың еліне жасаған ерен еңбегін әрдайым бағалаймын» деп түйіндеді сөзін Atr.kz-ге берген сұхбатында еңбек ардагері Андрей Бисенбаев.