Өткен жылы Өзбекстан азаматтары Атыраудан еліне 750 млн. тенге аударған
Қолымыздағы деректерге қарағанда, өткен жылы Өзбекстанға Атыраудан пошта арқылы 750 млн. теңге аударылыпты. Ал, өздерімен бірге ала кеткендерін қосқанда бір миллиардқа жақындайтын шығар. Сонда осынша ақшаны өзіміз ұқсатпай, өзгеге ұсынатындай күйге қалай жеттік?
Құрылысты да басқалар салады
Көршілес Өзбекстан азаматтарының Атырауға алғаш қашан қадам басқанын ешкім дәл айта алмас. Олардың кеңестік кезде республиканың оңтүстік өңіріндегі егіс алқаптарында жергілікті тұрғындармен бірге еңбек ететінін еститінбіз.
Қазіргі шындық – сол аға-йындардың әр үйден, әр ауладан табылатындығы. Өйткені, бұрын өзіміз-ақ тындыратын барлық істі соларға тапсырып, шаруадан безіп шыға келдік. Қызметтен келгеннен кейін қолына күрек-сүйменін алатын бұрынғы азаматтардың бүгінгі ұрпағы ұсақталып кеткені ме?
Мамандардың пікірінше, әр ұлттың өзіне тән ерекшеліктері болады. Мәселен, қарақалпақтар егін де егеді, сауда да жасайды, мал да бағады, үй де салады. Үй демекші, біреудің баспанасын тұрғызып жатқан бірер қарақалпақпен тілдескенбіз. Тамыздың тамып тұрған ыстығында жергілікті тұрғындар көлеңкеде жан бағып жатқанда, әлгілер үйдің қабырғасын қалап жүр. «Бәленше судьяның да, түгенше прокурордың да үйін сал-ғанбыз» дейді мақтанышпен.
Айтпақшы, әлгі қарақалпақ жігіттер ағайынды екен. Алдымен ағасы келіп, Атыраудағы ахуалды аңдапты. Мұндағылардың еңбекке икемі жоқ болғанымен, қалтасы қалың екенін білген соң келесі жылы інісін ертіп келіпті. Жалпы, осында жүрген Өзбекстан азаматтарының бәрі дерлік өзара туыс. Бірі балдызы, екіншісі жиені, үшіншісі бөлесі дегендей. Солардың ішінде біреуі ғана шебер, өзгелері соған көмекші. Қарапайым тілмен айтқанда, «апарып таста, алып келдің» адамдары. Ал, осы жұмыс өзіміздің қолымыздан келмей ме?
Жұмыссыздықты қалай азайтамыз?
Бүгінде жергілікті атқарушы билік, әсіресе, жастар арасындағы жұмыссыздықты азайтуға бағытталған нақты шараларды қолға алды. Мәселен, жастар тәжірибесіне қатысатын мамандардың жалақысын 60 мың теңгеге дейін көтерді. «Жасыл ел» шарасына тілек білдіргендердің айлық табысы да осындай көлемде. Әрі облыс әкімінің тапсырмасымен оның мүшелерінің саны екі мыңға жеткізілді. Демек, бұрынғы жылдармен салыстырғанда еселеп артпақ. Мұның бәрі жас-тардың қызығушылығын көтеру, оларды еңбекке ертерек баулу мақсатында қолға алынып отыр. Арнайы құрылысшылар отрядтары құрылды. Расында да, құрылыс колледждерін бітіргендер тәжірибені қайда жинамақ? Тек соның бәріне баруға жұлқынып отырған жастар бар ма?
Жалпы, қазіргі халықаралық ахуал сырттан келгендерден қауіп бар екенін де көрсетеді. Ал, облыстық ішкі істер департаменті көші-қон полициясы басқармасының деректеріне сүйенсек, бүгінде Атырауда 3958 шетелдік тұрақты қоныстаныпты. Осы төрт мыңға тарта адамның бәрі іргелі жобаларға қатысушы мамандар ма, әлде араларында ретін тауып, жергілікті тіркелу құқығына ие болғандар да бар ма? Тек өткен жылы ғана 404 сырттан келген азамат осындай есепке алынған. Сонымен қатар, былтыр аймаққа 52 мыңнан аса адам келген. Еңбек мигранттарына 28272 рұқсат қағаз беріліпті. Сондай-ақ, көші-қон заңдылықтарын бұзған бес мыңдай шетелдік әкімшілік шараға тартылған. Солардың бір мыңнан астамы елден шығарыл-ған. Бұлардың бәрі «қонаққа келген» деген сылтаумен шекарадан бері өтіп, тұрақтап қалғандар. Оларды полиция күшімен тауып алғанша біраз уақыт өтеді. Көбіне жергілікті тұрғындардың өздері жасырады. Себебі, жұмысына жұмсап, шаруасын тындырады. Дегенмен, қолданыстағы заңдылықтарды сақтамаған келімсектерге 18 млн. теңге айыппұл салынды.
Меңдібай Сүмесінов