Тіркеуге үйден шықпай-ақ тұруға болады
Енді қазақстандықтар Халыққа қызмет көрсету орталықтарына бармай-ақ, мекен-жай бойынша онлайн тіркеле алады. Бұл туралы «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ басқарма төрағасы Әсет Тұрысов Фейсбук әлеуметтік желісіндегі парақшасында жария етті.
25 ақпаннан бастап «Қазақстан Республикасы азаматтарының тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелуі» қызметін автоматтандырдық. Егер бұрын азамат мекен-жай бойынша тіркелу үшін электрондық цифрлық қолтаңбамен бірге (ЭЦҚ) өтінішті толтырып, бұдан кейін қолға түскен құжатты «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясының ХҚКО-сына апаратын. Осылайша жаңа мекен-жай жеке куәліктің чипіне түсіп, аталған мәлімет ҚР ІІМ-нің базасына енгізілетін. Бірақ осыдан бастап, өтініш Egov.kz порталына түскеннен кейін қолданушы ХҚКО-ға бармайтын болды. Себебі, аталған мәлімет бірден ҚР ІІМ-нің базасында жаңартылады, – деп, кез-келген қолданушы бұл жұмыстың нәтижесін 15 минуттың ішінде тексере алатынын жеткізді.
Ол үшін порталдағы «Мекен-жайлық мәліметтерді тексеру» немесе «Мекен-жай анықтамасын алу» қызметін пайдалану қажет.