Жарнама
Жаңалықтар

Тіркеу – онлайн түрде!

Жұртшылыққа жағымды жаңалық: енді Халыққа қызмет көрсету орталығына бармай-ақ үйден де уақытша тіркелуге болады. Ол жақында қолданысқа енгізілген жүйе бойынша egov.kz порталында электрондық цифрлы қолтаңбамен жүзеге асырылады. Оның үстіне арнайы мамандар қоғамдық орындар мен еңбек ұжымдарында болып, жаңа заңдылықтың қыр-сырларын түсіндіруде. Күні бүгінде жұмыс тобы облыстық әкімдік, ірі сауда орталықтары мен жоғары оқу орындарына, басқа да мекемелерге барып, электронды цифрлы қолтаңба арқылы уақытша тіркелуге кеңес беруде. Бұл туралы толығырақ «Азаматтарға арнал-ған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету» орталығы департаменті директорының орынбасары Ербол СЕРҒАЗИЕВТЕН сұрап білген едік.

epc1

Жасыратыны жоқ, уақытша тіркеу науқаны басталғаннан бері келеңсіз жағдайлар орын алған еді. Халыққа қызмет көрсету орталықтарындағы ұзын сонар кезекті азайтып, өтінішпен келген барлық азаматтарды аз күнде тіркеу оңай шаруа болмады. Сондықтан, мұны онлайн түрде іске асыру қажеттігі туындап отыр.

— Қазіргі уақытта өтініш беруге келген тұрғындар қатары азайды.  Бірден айта кетелік, электронды цифрлы қолтаңба тек кәмелет жасына толған жандарға ғана беріледі. Сол себепті, балалар онлайн түрде тіркеле алмайды. Ал, ересек азаматтар  міндетті төлемақыны төлем карточкалары арқылы өтейді. Арнайы мамандардан құралып, қажетті құралдармен жабдықталған үш топ өкілдері қаңтар, ақпан айлары бойы үздіксіз жұмыс істейді. Олар еңбек ұжымдарында жұртшылықпен кездесіп, электронды цифрлы қолтаңба ашып береді. Сонан соң уақытша тіркелу жайында кеңінен түсіндіреді, — дейді «Азаматтарға арналған Үкімет» мемлекеттік корпорациясы» АҚ Атырау облысы бойынша филиалы «Халыққа қызмет көрсету» орталығы департаменті директорының орынбасары Ербол Серғазиев.

Ескере кететін тағы бір жайт бар, онлайн қызмет екіжақты жасалады. Яғни, бір жақтан уақытша тіркелуші, екінші тараптан үй иесінің де электронды қолтаңбасы мен жеке куәліктері болуы міндетті.

Сонымен, осынау қызмет түрін пайдалану үшін екі жақ та электрондық қолтаңба алып, порталда авторландырылады. Алғашқы қадамдарда тұрғын үйге меншік құқығын көрсетіп, жеке куәлік нөмірі мен уақытша тіркелетін мекен-жайды енгізу керек. Қызмет «Азаматтық, миграция және иммиграция» бөлімінде, «халықты тіркеу және тіркеу есебінен алып тастау» қосымша парағынан алынады. Содан кейін «Онлайн қызметіне тапсырыс беру» түймешегін басқаннан кейін өтініш беруші ұсынылған нысандарды толтырып, онда тіркелуге ниетті тұрғын үйдің меншік иесі болып табылатынын немесе табылмайтынын көрсеткені жөн. Үшінші қадамда тапсырыс беруші тіркелу мерзімін (1 айдан 12 айға дейін) көрсетеді, содан кейін электронды түрде көрсетілген қызмет үшін мемлекеттік бажды төлеп, электронды цифрлы қолтаңба арқылы өтінімге қол қояды.

Айта кетейік, әр қадам орындалғаннан кейін «растау» түймесін басуды ұмытпаған абзал. Кейін «жеке кабинетке» өтіп, өтінімге соңғы рет тағы да қол қояды. «Уақытша тіркеу мәліметтерінің барлығы ҚР ІІМ-нің ақпараттық жүйесіне түскен уақыттан басталады. Тіркелгендігін растау үшін мекен-жай анықтамасын алу керек», — деді Е.Серғазиев.

Ал, тұрғын үй иесі біріншіден жылжымайтын мүлік нысанын аймақ бойынша анықтап алады да, «мен – меншік иесімін» түймешесін басады. Кейін «өтініш беріп», уақытша тіркеу мерзімін нақтылайды. Мәліметтерді тексеріп алғаннан соң төлем жасалынып, жылжымайтын мүлік нысанына қарайтын салық органын таңдайды. Төлем карточкасы арқылы төлемақы төленіп, «жеке кабинетке» өтеді. Мұнда да электронды қолтаңба арқылы қол қою қажет.

Уақытша тіркелу жөніндегі барлық сұрақтар бойынша азаматтар тегін, тәулік бойы жұмыс істейтін бірыңғай байланыс орталығының 1414 нөміріне қоңырау шалуға болады. Осылайша, барынша сапалы және жылдам қызмет көрсетуді қамтамасыз ету мақсатында онда биылдан бастап операторлар саны көбейтіліп, олардың жұмыс кестесі қайта қаралып отыр.

Айбөпе Сабырова

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button