Тіркелмеген телефондарға ұялы байланыс қосылмайды
ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев келесі жылы тіркелмеген телефондарға ұялы байланыстың қосылмайтынын тағы бір мәрте еске салды.
Министрдің айтуынша, осыдан екі жыл бұрын ұялы телефондады тіркеудің жаңа ережелері қабылданған болатын. Содан бері арнайы ақпараттық жүйе әзірленді. Оны іске асырудың арқасында ұялы телефондардың ұрлығын айтарлықтай азайтуға болады. Себебі, ішкі істер органдары ұрланған телефонды IMEI-код арқылы бірден бұғаттай алады.
«Дегенмен, IMEI-кодтың көмегімен телефон иесін анықтау қиын болып тұр. Ал жаңа норманы толыққанды іске қосу үшін IMEI-кодты адамның жеке сәйкестендіру нөмірімен, сондай-ақ, телефон нөмірімен байланыстыру қажет. Осылайша, ұялы байланыс пайдаланушылары 2018 жылдың аяғына дейін өз құрылғыларын тіркеп қоюы қажет. Себебі 2019 жылы 1 қаңтардан бастап тіркелмеген абоненттерге қызмет көрсетілмейді. Әрине, ұялы телефондарды тіркеуге қатысты xалық арасында дүрлігу туындауы мүмкін. Оны да жақсы түсінеміз. Сол себепті телефон тіркеудің онлайн қызметін іске қосуды жоспарлап отырмыз», — деді Д.Абаев xалыққа есеп беруі кездесуінде.
Хорлан Смадияр