Жарнама
Жаңалықтар

ТІРІ БАЛЫҚ – ТИІМДІ БАҒАМЕН

 

Баршамызға белгілі, облыс әкімінің тікелей тапсырмасымен Атырау қаласында Жайық жағасынан тірі балық сату орындары ашылған еді. Мұндай бастаманы алғашқылардың бірі болып «Амангелді» өндірістік кооперативі қолға алды. Су маржандарын базар бағасынан әлдеқайда арзан бәске сатып алған жұртшылық осындай орындардың көбейгенін қалайтындарын айтқан. Енді сол дәстүр жалғасын тапты. Тұрғындар қалашығы маңындағы Жайық жағасынан «Інжу-маржан» ЖШС тірі балық сата бастады. Мұнайлы өлкенің балық шаруашылығында табысы мол серіктестіктің директоры Гүлфара Исмағұлованың айтуынша, жаңа орында тірі балықпен қатар мұздатылған, кептірілген түрлері де сатылмақ.

— Күні бүгінде берілген лимитіміздің 35 пайызын игердік, қалған пайызын күзгі маусымда, мұз қатқанға дейін орындаймыз деп жоспарлап отырмыз. Қазір Жайықтың суы жылы болғандықтан ба, балық аз келіп жатыр. Бірақ, мерзімінде ол көбейеді. Әзірге құты мен қарагөз, табанның бір-біреуін 50, 65, 20 теңгеден сатып жатырмыз. Ал, тірі сазан мен сыланың бір килограмы – 250 теңгеден. Тұрғындар қалаған, таңдаған балығын ала алады, — деген Гүлфара Айтқұлқызы өткен жылдың басында ашылған аталған ЖШС-нің арнайы дүкенінде балық өнімдерінің 31 түрі сатылып жатқанынан хабардар етті. 

Аймақ басшысының бірінші орынбасары Ғұмар Ислямұлының сөзіне қарағанда, облыс орталығында осындай сауда орны төрт жерде болады. Оның бірі облыстық әкімдік ғимараты маңындағы, екіншісі Тұрғындар қалашығы жанындағы, үшіншісі «Атырау» санаторийі, төртіншісі қалалық аурухана қасындағы жағалауда орналасады. Сауда орындарының екеуінде «Амангелді» ӨК-нің, қалғанында «Інжу-маржан» мен «Восток» ЖШС-лерінің өнімдері сатылатын болады. Мамандар мұндай дәстүрдің Жайық бетіне алғашқы мұз қатқанша жалғасатынына сендірді.

Айбөпе САБЫРОВА.

Суреттерді түсірген Е.Алтыбаев.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button