Тілші кәсібін өзгертті
Құтқарушылар мерекесінде атыраулық журналистер өрт сөндіруші болуға мүмкіндік алды. Бейнеоператорлар мен қаламгерлер өрт сөндіру кроссфитінен жарысқа түсті.
Имидждік іс-шара Өрт сөндіру қызметінің №1 мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің ауласында өтті.
Жарысқа Атырау облысы «Өңірлік коммуникациялар қызметі», Caspian news” телеарнасының, «Прикаспийская коммуна» газетінің қызметкерлері қатысты.
Қатысушылар жауынгерлік киім кию, жеңқұбырды сегіздік тәсілмен жинау, жеңіл автокөліктің шинасын зілбалға көмегімен бір жерден екінші жерге жанынан соғып жылжыту, жауынгерлік қанат жаю, оқу мұнараның 2-ші қабатына құрылып тұрған үш иінді саты арқылы шығу кезеңдерінен еш мүдірместен өтті.
Сонымен қатар қатысушылар ерікті түрде жылу түтін камерасынан өтіп, нағыз құтқарушы ролін сомдады. Қатысушылар қараңғыда түтінді үш деңгейлі лабиринттен шығудың жолын іздеді. Камерадан шығып қана қоймай, жақын маңдағы әріптесін құтқару маңызды болды.
Қатысушылар тапсырманы орындауға тырысса да кейбір тапсырмалар олар үшін әлдеқайда қиын болғанын мойындады.
Жарыс қорытындысы бойынша “Caspian news” телеарнасының бірінші командасы I орынды, «Өңірлік коммуникациялар қызметі» командасы II орынды, “Caspian news” телеарнасының екінші командасы III орынды қанжығаларына байлады.
Департамент бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Н. Селимов жүлдегерлерді марапаттап, бағалы сыйлықтар табыстады.
Майра ЕРҒАЛИ