Жарнама
БілімЖаңалықтарШаһар шырайы

Тестілеу орталығы ашылды

Атырау қаласында мектеп оқушыларына арналған «Ustudy» аймақтық тестілеу орталығы ашылды. Салтанатты рәсімге қала мектептерінің басшылары мен білім бөлімінің өкілдері қатысты.

%d1%82%d0%b5%d1%81%d1%82%d1%96%d0%bb%d0%b5%d1%83-%d0%be%d1%80%d1%82%d0%b0%d0%bb%d1%8b%d2%93%d1%8b-%d0%b0%d1%88%d1%8b%d0%bb%d0%b4%d1%8b

Енді облыс орталығының оқушылары мен ата-аналары мектеп емтихандары мен  Ұлттық бірыңғай тестілеуге заманауи және ыңғайлы орталықтан өз білімінің сапасын онлайн және тестілеу түрлерінде тексере алады.

Өзге білім орталықтарынан ерекшелігі, мұнда ата-ана, ұстаз, оқушының білім көрсеткішін біліп отырады. Жалпы, мектептердің көрсеткішінен қала, облыс басшылығы да хабардар бола алады.

– Біздің мақсат – тестілеу арқылы білімін саралайтын мектеп түлектеріне жағдай жасау. Тестілеу орталығын ашуға жобаның негізін қалаушы Жанат Рахманидың інісінің  Ұлттық бірыңғай тестілеуден төмен балл алып, оқуға түсе алмауы түрткі болған еді. Орталықтың қазіргі бас директоры Жанат Рахмани ойластыра келіп, осы жобаны құрастырған. Алғашында жұмысымыз – бейнесабақтар жазып, аудандарға жеткізу еді. Кейін, білім саласына технологияны кіріктіре отырып, үлкен дүние жасадық, — дейді «Ustudy» аймақтық тестілеу директорының орынбасары Әлжанбек Көшербаев.

Оның айтуынша, еліміз бойынша 2018 жылға дейін елуге тарта орталық бой көтеріп, жұмыс жасамақ.  Ал, жыл соңына дейін орталықтардың жалпы санын жиырмадан асыру жоспарланған. Оқушылар үшін әдемі, ыңғайлы және технологиялық тестілеу орталықтары  желісін құру жобасына ұлттық тестілеу орталығы, облыстық білім беру басқармалары және «Ustudy» компаниясы қатысады. Қазіргі таңда білім беру саласын дамыту үшін мемлекеттік, жеке меншік әріптестік рәсімдеу мақсатында  Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес,  Білім және ғылым министрлігімен де бірлесе жұмыс жүруде.

«Ustudy» білім беру жобасы қазірдің өзінде Алматы, Ақтау, Шымкент, Ақтөбе, Тараз және Талдықорған қалаларында тоғыз өңірлік тестілеу орталығын іске қосты.

Атырау қаласында аймақтық тестілеу орталығын ашудағы басты міндеттердің бірі – жаңа білім беру өнімдері мен технологияларды пайдалана отырып, Қазақстанда тестілеудің жаңа мәдениетін қалыптастыру.  Сондықтан, техникалық жабдықтар, дизайн және ресімдеу тұрғысынан ең қолайлы, әрі тиімді тұстарын ұштастырған. Бұл бағытта еліміздің жетекші дизайнерлері еңбек етіпті.

Тестілеу орталығының базасына 70 мың сұрақ енгізілген. Он бір пәнге әрбіреуі бес минуттан тұратын бейнесабақ жасалған. Облыстағы мектеп оқушыларының бәрі білім көрсеткішін бағалау үшін тестіден өтсе, қорытындысы апта ішінде шығады.

Атыраудағы тестілеу орталығының директоры болып Ермек Нұржан тағайындалды. Орталық компьютерлермен жабдықталған, бір күнде 4-11 сынып аралығындағы 150 оқушы тест сынағын тапсыра алады. Түлектерге мамандық таңдауына да  септігін тигізеді.

Орталықтағы оқудың бағасы айына – 35 мың теңге. Оқушы жұма, сенбі күндері тегін тестілеу курсына қатыса алады. Курс уақыты сағат 14.45-19.05 уақыт аралығында жалғасады.

Атырау қаласындағы аймақтық тестілеу орталығында оқушылар жыл бойына:

— сынама тестілеуден өтуге;

— мектеп бағдарламасы бойынша өз білімдерінің «әлсіз тұстары» бойынша есеп алуға;

— Қазақстанның үздік мұғалімдерінің қазақ тілінде ұсынған бірегей білім бейнесабақтарына қол жеткізуге;

— кеңес алуға;

— демалыс пен емтихандарға дайындықты үйлестіретін жазғы кампусқа жазылуға мүмкіндік алады. 

Нұргүл ЫСМАҒҰЛОВА.

 

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button