Жарнама
ЖаңалықтарСарапTime

Теңіздегі сервистік компания жұмысшылары жалақыны көтеруді талап етті

«НГСК Казстройсервис» АҚ Атырау филиалының еңбекақы төлеу жүйесін өзгертуді талап етіп 500-ге жуық жұмысшы ереуілге шықты.

Жұмысшылар жасап жатқан жұмыстарын тоқтатып, бірнеше талапты алға тартқан.

Бұл туралы Жылыой ауданы әкімдігінен мәлімдеді.

«Оқиға орнына Жылыой аудандық әкімдігі мен құқық қорғау органдарының өкілдері келген. Келіссөздер барысында жұмысшылар еңбекақы төлеу жүйесін өзгерту, тұрмыстық жағдайды жақсарту сияқты бірқатар талап қойды», делінген таратылған ақпаратта.

Келіссөз қорытындысы бойынша қызметкерлер әкімдік өкілдеріне, Атырау облысы Мемлекеттік еңбек инспекциясы басшысының атына, 500-ге жуық адам қол қойған ұжымдық шағым берді.

Қазіргі уақытта «НГСК Казстройсервис» АҚ Атырау филиалының жұмысшылары тұрғылықты жерлеріне оралды. Мәселе компания басшылығының, ТШО, «Сенімді Құрылыс» ЖШС мен мемлекеттік органдардың бақылауында болады.

Сонымен қатар, «НГСК Казстройсервис» АҚ Атырау филиалының бас директоры Сәбит Жанасов жұмысшылардың наразылығын тудырған мәселелерді шешу үшін Атырауға келетінін айтты.

  • Мен әуежайға бара жатырмын. Атырауға ұшамын, сосын Теңізге барамын. Әзірге болған жәйт туралы ештеңе айта алмаймын. Сол жерге жеткесін мәселенің анық-қанығын білеміз, – деді С.Жанасов.

Бас директор ереуілге шыққан жұмысшыларды ешкім қудаламайтынына, оларды жұмыстан шығармайтынына уәде берді.

Тараптардың қосымша келіссөз жүргізуі нәтижесінде, жұмысшылар ертеңнен бастап жұмыстарын штаттық режимде жалғастыратын болды.

Анықтама: Компания қызметкерлері ауысымдық әдіспен жұмыс жасайды. Орташа еңбекақы 200 мың теңгеден 300 мың теңгеге дейінгі аралықты құрайды. Компанияның мәліметінше, жұмысшылардың жалақысын көтеру (5,4%) мәселесі 2021 жылдың қаңтарынан қолға алынған.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button