Теңіз жұмысшыларын 40-тан астам коммерциялық әуе рейсі тасымалдауда
Аtr.kz/25 мамыр, 2020 жыл. ТШО компаниясы үшін қызметкерлерді жұмыстан босату күрделі логистикалық процесс болды.
Бұл туралы Атырау облысы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында «Теңізшевройл» компаниясының қоғаммен байланыс жөніндегі бас менеджері Рзабек Артығалиев мәлімдеді.
— ТШО компаниясы кен орнындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету жоспары аясында, сондай-ақ қызметкерлер арасында COVID-19 таралу қаупін азайту мақсатында, наурыз, сәуір және мамыр айында өндіріске тікелей қатысы жоқ қызметкерлерді Теңізден уақытша шығаруды жүзеге асырды.
Бұл Қазақстан Республикасы Үкіметінің, Атырау облысы әкімдігінің, басқа облыс әкімдіктерінің және денсаулық сақтау органдарының жан — жақты қолдауының арқасында табысты жүзеге асырылған күрделі логистикалық процесс болды, — деді Р. Артығалиев.
Аталмыш шара барысында жұмысшыларды үйлеріне жеткізу үшін 40-тан астам коммерциялық әуе рейсі, ТШО «Dash 8» ұшағымен 211 рейс және 170 автобус рейсі жұмылдырылды. Мұнымен қоса, 16 пойыз жөнелтілген. Барлығы Атырау облысында ТЖ режимі мен карантин кезінде жүзеге асырылды.
— Біз Атырау облысының әкімі Махамбет Досмұхамбетовке, сондай-ақ Атырау облысының жедел штабы мүшелеріне қолдау көрсеткендері үшін алғыс білдіреміз. Сонымен қатар, медициналық мекемелер мен құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне, тасымалдаушы компаниялар мен мердігерлік ұйымдар мамандарына айтар алғысымыз шексіз.
Бұдан бөлек, өзге облыстарда Теңіз кенішінің жұмысшылары тұрып жатыр. Осы ретте өзге аймақтың басшыларына да алғыс білдіргіміз келеді. Олардың көрсеткен қолдауы мен көмегі Теңіз кенішіндегі жұмысшылардың өз отбасыларына қайтып оралуына септігін тигізді, — деп қорытындылады Рзабек Артығалиев.
ТШО компаниясының өкілі атап өткендей, атқарылып жатқан аталмыш жұмыстардың негізгі мақсаты — өндірістік нысандарда жұмыс істейтін қызметкерлер арасында коронавирус инфекциясының таралуын болдырмау.
Бұл шаралар ТШО-ның өндірістік қызметін және өзге де маңызды жұмыстарды жалғастыру үшін қажет. Оқшауландыру мен әлеуметтік қашықтықты қамтамасыз ету — Теңіз кенішіндегі қызметкерлердің денсаулығын қадағалап, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін аса маңызды.