Теміржол — мемлекеттің күретамырларының бірі
Жарты ғасырдан аса тарихы бар Атырау темір жол бөлімшесі аймақтың дамуына айырықша үлес қосып келеді. Оның, әсіресе, облыстың индустриялық-инновациялық жобаларының жүйелі жүзеге асуына көрсетіп отырған көмегі ұшан-теңіз.
Атырау темір жол бөлімшесінің басшысы Бөріхан Беркімбаевтың айтуынша, биылғы алты айда пайдалану жұмысына байланысты негізгі көрсеткіштердің бәрі дерлік ойдағыдай орындалыпты. Дүние жүзін дағдарысқа тіреген экономикалық қиындықтарға қарамастан, осы уақытта жүк айналымы 106,5 пайызға орындалып, былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда асып түскен. Бүгінде ұжымда он мыңнан аса адам жұмыс жасайды. Демек, әбден қалыптасқан кәсіпорын.
— Тәуелсіздік жылдары, — дейді Бөріхан Беркімбаев, — республикада темір жол саласы қарыштап дамыды. Бүгінде өзімізде тепловоз, жүк және жолаушылар тасымалдайтын вагондар шығаратын зауыттар жұмыс жасайды. Бұрын оларды сырттан сатып алатын едік. Өткен жылдан бастап Ақтөбеде рельс шығаратын зауыт іске қосылды.
Бөлімшеде тәжірибеге енген дәстүр – жергілікті кадрларды еңбегіне орай жауапты қызметке тағайындау. Қазір мұндағы өндіріс жетекшілерінің бәрі осындай сатыдан өскен. Жалпы, ұжымда дәстүр сабақтастығы жақсы қалыптасқан. Ұжымдық шартта айтылғанындай, қызметкерлерге барлық қамқорлық шаралары қарастырылған. Темір жол саласында оқып келген түлектер тұрақты қызметпен қамтамасыз етіледі. Атырау темір жол бөлімшесі мамандар бөлімінің басшысы Бауыржан Қартанның айтуынша, бүгінде салада қызмет етіп жүргендердің тең жартысы — жастар.
Мекемеде жұмысты талап етумен бірге, жастар тәрбиесі де – басты назарда. «Жайдарман» ойын-сауық шарасына қатысатын команда жасақталған. Оның белді мүшесі Абзал Ғаббасовтың айтуынша, бұл ұжым салалық сайыстарда топ жарып, талай жеңімпаз атанған.
Мемлекет басшысы алыс ауылдық мекендерге сапалы медициналық қызмет көрсету жөнінде ұдайы айтып келеді. Осыған орай, «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамы ұйымдастырған «Жәрдем» медициналық пойызы халыққа тегін қызмет көрсетуді дәстүрге айналдырды. Міне, осы шараға да атыраулық теміржолшылар сүбелі үлес қосты.
Аймақ темір жол саласында еңбек еткен ардагерлер де аз емес. Өкінішке орай, олардың қатары селдіреп қалғанымен, есімдері ешқашан ұмытылмайды. Бүгінде 1801 зейнеткер есепте. Бұлардың 550-і қалада, өзгесі аудандарда тұрады. Сонымен қатар, 57 тыл ардагері бар. Әсіресе, 97 жастағы Ұлы Отан соғысының ардагері Есбол Оңайбаев – ұжым мақтанышы, күллі атыраулық теміржолшылардың ардақ тұтар азаматы. Есенаман Дабысов та осында ұзақ жылдар бойы еңбек еткендердің бірі. Қазір ол — Атырау аймақтық жол бөлімшесінің ардагерлер кеңесінің төрағасы. Қызметі қарапайым жұмысшыдан депо басшысына дейін жоғарылаған.
Әрине, Жезқазған-Бейнеу теміржолы салынғаннан бері Атырау бөлімшесінде жұмыс көлемі азайған. Бірақ, облыста жаңа жобалардың жүзеге асуы бұл саланың да дамуына жол ашады. Соңғы жылдары жолаушылар пойызының саны артып, стансалардағы барлық вокзалдар қайта жаңартылған.
Соңғы екі жылдың алғашқы алты айымен салыстырғанда вагондардың техникалық стансада бос тұруының орташа ұзақтығы 126,7 пайызға қысқарды. Поездармен жүк тасымалдау қуаты артты. Рас, бүгінде мұнайды құбыр арқылы тасымалдау қолға алынғандықтан, бізге салмақ та азайды. Бірақ, атыраулық теміржолшылар қызметі әрқашан сұранысқа ие.
Нұрислам ҒҰМАР.