Темірдей тәртіп – тыныштық тірегі
Бүгін Қазақстан полициясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Бұл уақыт ішкі істер органдарының қалыптасу, қайта жасақталу кезеңі болды. Қолға алынған реформалар салаға үлкен өзгерістер әкелуде.
Темірдей тәртіп тыныштықтың тірегі саналады. Осы тұрғыдан келсек, жүзеге асып жатқан шаралардың арқасында облыстағы жағдай бірқалыпты деуге сенім бар. Қоғамда тұрақтылық орнап, тұрғындардың қауіпсіздігі толықтай қамтамасыз етілуде. Бұл, өз кезегінде, қылмыс санының кемуіне әсер етті. Қоғамдық тәртіпті нығайтуда, қылмыстың алдын алып, әлеуметтік нысандарды қорғауда, жалпы облыс халқының қауіпсіздігін қалыпты жүзеге асыруда, жастар мен балалар арасындағы қылмысты болдырмауда әрбір полицейге ауқымды міндет жүктелген. Тәртіп сақшылары сол талаптың үдесінен шығып келеді.
Қазір қаладағы үйлердің ауласына спорт және балалар алаңдары салынды. Әрбір ықшам ауданда кем дегенде оннан астам әлеуметтік нысан бар. Мектеп, емхана, спорт, мәдениет, жол, жарық, су, басқа да ғимараттар ұдайы бақылауда ұсталады. Мемлекеттің қаражатымен тұрғызылған нысандардың бүлінбеуі үшін полиция тыңғылықты жұмыс жасауда.
Құқық қорғау органдарының жағдайы жергілікті атқарушы орындардың назарынан тыс қалған емес. Құқық қорғау жүйесі жаңа ғимараттармен қамтылып, материалдық-техникалық базасы нығайтылды. Қазіргі заманғы жаңа қондырғылар, жабдықтар, арнайы автокөліктер сатып алынды. Күн сайын заманауи техникалармен және байланыс құралдармен жабдықталған патрульдік полиция полкінің жаяу жасақтары, сондай-ақ, автопатрульдері қызмет көрсетуде. Ішкі істер департаменті қызметінің тиімділігін арттыру мақсатында жаңа көліктер кезең-кезеңімен табысталды.
Атырау қаласында «Қауіпсіз қала» жобасын жүзеге асыру мақсатында Жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйесі жұмыс жасайды. Оның көмегімен талай қылмыс, құқық бұзушылық жедел ашылды. Полиция басшылығы бұл бағыттағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасын табатынын айтады.
Халықтың тыныштығын сақтау, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында сақшылар өз міндеттерін осылайша абыроймен атқарып отыр.
Азамат Базарбаев