Тексеріс нені көрсетті?
Халыққа қолжетімді қызмет көрсету, оның сапасын арттыру бағытында қандай жұмыстар атқарылуда? «Жасырын тұтынушы» жобасы нендей кемшіліктердің бетін ашты? ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Атырау облысы бойынша департаментінің ведомоствоаралық жұмысшы тобының отырысына осы мәселелер арқау болды.
Жалпы, аймақта мемлекеттік қызмет салалары бойынша атқарылған жұмыстардан жергілікті жұрт хабардар. Тиісті мекемелер мен ұйымдарда заң бұзушылықтар мен қателіктер белгілі болған жағдайда оларды жою мақсатында нақты шаралар қолға алынған. Айталық, табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында үш бөлім қызмет көрсетумен айналысады. Бұл бағыт бойынша департамент аталған басқармада тексерістер жүргізіп, бірқатар кемшілік анықтаған. Нәтижесінде, бөлім басшыларына «ескерту» түрінде тәртіптік жаза берілген.
Ал, қалалық әкімдікте биыл алғашқы жартыжылдықта 2476 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның 1905-і Халыққа қызмет көрсету орталықтары, 95-і пәтерді жекешелендіру бойынша хабарласқан. Баспана кезегіндегілердің тізімін бақылап отыру мақсатында жыл сайын сәуір-желтоқсан аралығында түгендеу жұмыстары жүргізі-леді екен. Атырау қаласы әкімінің орынбасары Мейірім Қалауидың баяндауынша, сәуір-мамыр айларында 900-дей азамат құжат жаңартуға келген.
– Тұрғын үй бағыты бойынша мемлекеттік қызмет көрсетуді автоматтандыру жүйесін енгізу үшін жергілікті бюджеттен 25 млн. теңге қаражат бөлінді. Қазір бұл жұмысқа жауапты «HANALI 2013» ЖШС тестілеу және тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр. Жүйенің басты ерекшелігі – кезегі келген тұрғын бөлімге келмей-ақ берілетін үйдің қай қабаттан, қандай пәтер ұсынылғанын және соңғы екі-үш жылда тапсырылған баспаналар туралы мәлімет алып отырады. Бұл мемлекеттік қызметші мен азаматтар арасында тікелей байланыстың азаюына оң ықпал етпек, — деді Мейірім Жоламанұлы.
Сондай-ақ, «Жасырын тұтынушы» әдісімен мемлекеттік қызмет сапасын бақылау жұмыстарының нәтижесі сөз болды. Қоғамдық тексеріс өрескел заң бұзушылықтарды анықтаған. Мәселен, «Атырау-Ақтөбе» бағытындағы жолаушылар пойызының жолсерігі Атырау қаласынан Доссор станциясына дейін бір адамнан 500 теңге алып, жол жүру құжатынсыз отырғызу дерегі белгілі болған. Ал, «Атырау-Алматы» пойызымен жолаушы Шымкент қаласына дейін 20 мың теңгеге жеткен.
Айбөпе САБЫРОВА