Тегін білім, сапалы медицина және қолжетімді баспана
Қазақстан Халық партиясының үгіт-насихат тобы Атырау бизнес және құқық колледжінің еңбек ұжымымен кездесіп, жиында партияның бағдарламасында қамтылған мәселелер талқыланды.
Білім ошағында өткен шарада Парламент Мәжілісінің депутаттығына кандидаттар Исатай Балмағамбетов, Данияр Өгізбаевтар және қалалық Маслихат депутаттығына үміткерлер Рауан Дәулетяров, Максим Федотовтар сайлаушыларға Қазақстан Халық партиясының қай бағытты ұстанатынын, оның мүшелері қандай мәселелерді көтеретінін егжей-тегжейлі айтып берді. Атап айтқанда, саяси ұйым азаматтардың құқықтарын қорғау, әлеуметтік кепілдіктер, төлемдер, жастар үшін тең мүмкіндіктер жасау, әйелдер мен балалардың құқықтарын қорғау және сақтау секілді өзекті мәселелерді де көтеретіндігін жеткізді. Жүздесу кезінде партия мүшелері көпшілікті толғандырып жүрген өзекті мәселелерге тоқталды. Тегін білім, сапалы медицина, қолжетімді тұрғын үй және тағы басқа мәселелер көтерілді.
– Қазақстан Халық партиясы жоғары білім алу тегін болғандығын қалайды. Оқытушыларды қағазбастылықтан арылтып, оларды арнайы төлемдермен қамтамасыз ету керек. Қазіргідей қашықтан оқыту кезінде біз мұғалімдердің еңбегінің орасан зор әрі маңызды екенін түсіндік. Балаларды оқыту және оларға сапалы білім берудің оңай қызмет еместігін мойындай бастадық. Сондықтан, біз оқытушыларды әрдайым дәріптеп, олардың шығармашылық бағытта дамуына ықпал етуіміз керек, — деді жиында сөз алғаны сайлауалды үгіт-насихат тобының жетекшісі Ерболат Даулетқазиев.
Осылармен қоса, кандидаттар, қазір мемлекет жастардың дамып, жетілуі үшін олардың барлық әлеуметтік-тұрмыстық мәселелерін шешіп, тұрғын үймен қамтамасыз етуі керек екендігін сөз қылды. Сондай-ақ, еліміздегі қолданыстағы тұрғын үй бағдарламалары жастар үшін қолжетімсіз екенін, оларды жастар мен жас отбасылардың пайдасына қарай өзгерту қажеттігін тілге иек етті.
Мұратбек ТӨЛЕГЕНҰЛЫ