Теңіз кешенінен 500 дана құбыр тұрбасын ұрлап сатқан бригадир сотталды
Қазір Келешек кеңею жобасы бойынша Теңіз кенішінде құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатқаны белгілі. Міне, осы өндірістік аймақтағы мердігер мекемелерде бірнеше ондаған ұлттың өкілдері қоян-қолтық жұмыс жасайды. Бірақ олардың арасында да жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүріп, оңай олжаға кенелгісі келетіндер баршылық.
Каспий теңізінің арғы бетіндегі Азербайжан елінен келген азамат Теңіздегі бір жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде бригадир болып қызмет атқарып жүрген-ді. Бір күні оның телефонына мекеменің супервайзері қоңырау шалып, салынып жатқан Келешек кеңею зауытының аумағына құрылыс жұмыстары үшін қажетті лесомонтаж құбырларын тасымалдап жеткізуді бұйырады. Басшысының тапсырмасын алған бригадир жігіт алып-ұшып қойма меңгерушісіне келеді. Сол жерде рұқсат құжаттарын рәсімдетіп алған соң инспектор маман арнайы жүк көлігіне 500 дана лесомонтаж тұрбасын сылқита тиеп береді.
Бірақ былай шыққан соң бригадирдің ойы бұзылады. Ол «астауы» құбырға толы жүк көлігінің бағытын үшінші зауыт салынып жатқан өндірістік аймаққа емес, керісінше, Құлсары қаласына қарай бұруға бұйырады. Бұл жөнінде супервайзермен келісіп қойғандығын айтып, жүргізушіні де сендіреді. Басшының сөзіне иланған көлік иесі ойында дәнеңе жоқ, 500 дана құбырды қаладағы бір тұрғынның үйінің ауласына әкеліп түсіреді. Сол жерде мекеме мүлкі бар-жоғы 200 мың теңгеге сатылып кете барады.
«Ұрының арты — қуыс» дегендей, бригадирдің әрекеті әшкереленбей қоймады. Мекеме мүлкін жасырын түрде жымқырғаны үшін оның үстінен «Ұрлық» дерегі бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 1-бөлігімен қылмыстық іс көтерілді. Ұрлықтың кесірінен мекемеге 1 млн 4280 теңге көлемінде материалдық шығын келтірілді.
Ербол ҚОШАҚАНОВ.