Жарнама
Жаңалықтар

«ТЕҢГЕ БАҒАМЫН НАРЫҚ АНЫҚТАЙДЫ»

 «Дүниежүзілік дағдарыстан ешкім де тыс қалмайды»

Негізгі экспорттаушы компаниялар басшылары да қатынасқан кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алдымен күні бүгін орын алып отырған экономикалық жағдайға нақты тоқталды.

— Соңғы жылы әлемдік экономикалық ахуал едәуір төмендеді. Барша дүние жүзінде экономиканың нашарлағаны бәрімізге көрініп отыр. Дағдарыс барлық бағытта, яғни, шикізат тауарларына, валюта, қаржы нарықтарына әсер етуде. Бұл – дамушы және дамыған мемлекеттерде орын алып отырған жағдай. Шикізат тауарларына баға барша әлемде төмендеді, сондықтан,  біздің бюджетке түсетін қаржының ауқымы едәуір төмен болды. Біз бұрын мұндай жағдайлардың талайынан өтіп келе жатырмыз. Кеңес одағы құлаған кездегі жылына екі мың пайыз инфляциядан өткеніміз естеріңізде болар. Барлық зауыттар мен фабрикалардың тоқтап, екі миллион адамның жұмыссыз қалғаны, зейнетақы мен жалақы төлей алмай қалғанымыз белгілі. Бұл өте қиын-қыстау заман болатын, — деп еске салып өтті Президент.

Осы орайда Елбасы одан бері бірқатар дағдарыстар орын алғанын, алайда, Қазақстан осы сын-қатерлердің барлығын еңсергенін атап өтті. «Қанша бағдарламалар жасасақ та, өмір мен жағдай алдымыздан қиыншылықтарды алып келеді. Қазір де осындай қиыншылыққа тақап тұрмыз. Бұл дүниежүзілік дағдарыстан ешкім де тыс қалмайды. Қазақстан – әлем мемлекеттерімен, экономикалармен байланысы бар ел. Сондықтан, бұл дағдарысқа алдын-ала барлық жағынан дайындалып, еңсеруіміз керек. Осы мәселені түсіндіру үшін жиналып отырмыз», — деді Мемлекет басшысы. 

Отандық автоөндіріске – мол мүмкіндік

Қазақстанда орын алған ұлттық валютаны инфляциялық таргеттеу отандық автоөндірістің аяқтан тік тұрып кетуіне мүмкіндік береді. Осылай деп атап өткен Қазақстан автобизнес қауымдастығының төрағасы Андрей Лаврентьев: «Біз іс жүзінде жалғыз өмір сүре алмаймыз. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың, Дүниежүзілік сауда ұйымының құрамындамыз. Қазақстандық автомобиль өндірісінің өкілдері осы шешімді асыға күтті. Бүгін шетелдік серіктестерімізбен сөйлестік. Олар да қуана қабылдады. Осы қолдаудың арқасында біз, ең бастысы, жұмыс орындарын сақтап, өндірісті кеңейте түсуге тырысамыз», — деді ол.

А.Лаврентьев, сондай-ақ, мемлекеттік қолдаудың арқасында өндірістің одан әрі дами түсетініне сенім білдірді. «Ресей рублі құлаған соң сіздің бастамаңызбен отандық салаға 20 млрд. теңге көлемінде жеңілдікпен несие берілді. Бүгін тағы да 10 млрд. бөлінеді деген ақпаратты естідік. Бұл – біз үшін үлкен қуаныш», — деді ол. 

Азық-түлік бағасын негізсіз көтергендерге – қатаң жаза

Елбасы азық-түлік бағасын негізсіз көтергендерге тиісті жаза тағайындалатындығын атап өтіп, «Бұл – маңызды мәселе. Біз барлық әкімдерге және саудамен айналысатындарға ескерттік. Бағаның өсуіне ешқандай да жол бермеу керек. Әсіресе, Қазақстанда өндіріліп жатқан азық-түлік тауарларына баға өспеуі тиіс. Жағдайды пайдаланып қалу мақсатын көздеп отырғандарға бағаны шарықтатуға жол бермеу маңызды. Ондайларды анықтап, қатаң жазалайтын боламыз», — деді Президент.

Осы орайда Мемлекет басшысы баға мәселесі бойынша Үкімет осы бағыттағы жұмыстармен айналасатынын қадап айтты. 

Ең басты мүмкіндік – бәсекеге қабілеттілік

Елбасы қиындыққа қарамастан бәсекеге қабілетті деңгейге шығуға уақыт келгенін де атап айтты. «Мен жүргізіп келе жатқан интеграциялық саясат өте дұрыс. Қазақстанда экономика көлемі бойынша да, халық саны бойынша да нарық жеткіліксіздігі сезіледі. Бізге өзге де нарықтар керек. Біз үшін Ресей мен Қытай – үлкен нарық. Біз Еуразиялық экономикалық одақтың құрамындамыз. Алайда, нарықтық жағдайда біз Ресейге ештеңе айта алмаймыз. Олар да бізге ешнәрсе айта алмайды. Бизнес нарықтық жағдайға қарайды. Ең басты мүмкіндік – бәсекеге қабілеттілік. Біз – 1 қаңтардан бастап ДСҰ-ның мүшесіміз. Ол жерде бәсеке мүлде қатаң. Ештеңеден қорықпай, бәсекеге қабілетті деңгейге шығу керек», — деді Мемлекет басшысы.

Өз кезегінде ірі бизнес өкілдері ҚР Мемлекет басшысының қабылдаған шешімін ризашылықпен қолдап, маңызды әлеуметтік көрсеткіштерді сақтап қалуға уәде берді. Айта кетелік, ҚР Ұлттық банкінің ұлттық валютаны инфляциялық таргеттеу туралы шешімі бизнес қауымдастық тарапынан қолдауға ие болды. Өз ойларын шағын және орта бизнес өкілдері Мемлекет басшысымен кездесу барысында жеткізді. Олардың бірі Алматы вентиляторлық зауытының директоры Марат Баққұлов «қабылданған шешім отандық өндірушілерді қолдауда үлкен серпін туғызбақ» деген ойын білдірді.

Кеңесте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Ұлттық банкке жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне төлем тетігін енгізуді тапсырды. «Айырбас бағамының өзгеруіне байланысты халық салымдарының шығындарын төмендету мақсатында Ұлттық банкке 2015 жылдың 18 тамызына дейінгі теңгемен ашылған жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне төлем тетігін енгізуді тапсырамын», — деді Мемлекет басшысы. Осы орайда Елбасы сол күнгі теңге бағамымен банктегі есепшоттағы 1 миллион теңгеге дейін қаржыға өтем жасалатынын атап өтті.         

— Азаматтарға, егер олар депозиттерін арнайы шотқа салып, бір жыл бойы банкте сақтайтын болса, ескі бағам айырмасы өтелетін болады, — деді Президент.

Нұрсұлтан Назарбаевтың атап өтуінше, бұл шара 1,7 млн. адамға немесе барлық салымшылардың 86 пайызына қолдау көрсетуге мүмкіндік береді. «Меніңше, олардың басым бөлігі – зейнеткерлер. Бұған мемлекеттің қаржы шығындауына тура келеді. Ұлттық банк мұндай мүмкіншілікті қарастырып, қолдауы тиіс», — деді Елбасы.

Сонымен қатар, Елбасы осыған дейін көптеген арзан автокөліктер Ресейден Қазақстанға тасымалданғанын, соның салдарынан отандық көлік құрастырушылар зардап шеккенін атап өтті. «Ресей санкцияларға байланысты ауыр жағдайда өмір сүруде. Қытайда да белгілі бір ахуалдар байқалуда. Біз олар үшін алаңдаймыз, сонымен қатар,  өзіміздің жеке шараларымызды қабылдаймыз»,- деді Мемлекет басшысы.

«Барлық істеліп жатқан шаруа – халықтың қамы үшін. Тәуелсіздік жылдарында аз қиыншылықтар болған жоқ. Соның барлығынан сүрінбей өтіп жатқан себебіміз – елдің бірлігінің арқасы. Халықтың ойының бір жерден шыққандығы. Осы дағдарыстың келе жатқанын мен бұрыннан білдім. Әйтпесе, биылғы сайлауға барар ма едім, бармас па едім?! Дегенмен де, дәл осындай қиыншылықтан елді алып шығу қажеттігі алдымда тұрғанын сезіндім. Сондықтан, халыққа айтатыным, ауызбіршіліктің арқасында дағдарыстан аман-есен шығамыз», — деді Президент. 

«Біз қиыншылықтарға төтеп беруге қауқарлымыз»

Елбасы дүние  жүзінде болып жатқан дағдарыстың әсерінен бұрынғыдан басқаша жаңа экономика өсіп келе жатқандығын, сондықтан, алдағы сын-қатерді еңсеріп, қиыншылықтарға төтеп беруге қауқарлы екенімізді атап өтті.

Жиын барысында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеев экономикалық дағдарыс ұлттық компанияға ұзақ мерзімді кезеңде тиімді әсер ететінін жеткізді. Сондай-ақ, ол бүгінгі ұлттық валютаны инфляциялық таргеттеу туралы шешімнің өте дұрыс шешім екендігін қуаттады. «Компания экспортерлерден тұрады. Экономикадағы ахуал біздің жағдайымызға да қатты әсер етеді. Осыдан біраз уақыт бұрын біздің таза табысымыз 70 пайызға дейін құлады. Еліміз тәуелсіздік алғалы бері төрт дағдарыстан өтті. Олардың бәрінен амалын тауып шықтық. Бірақ, бұл жолғы дағдарыста ең дұрыс амал валюталық диспаритет мәселесін шешу болды. Менің ойымша, әр жылғы дағдарыстан компаниялар сауығып, шынығып шығады. Осы жолы да дағдарыс бізге сауықтыру әсерін тигізетініне сенімдімін», — деді Ө.Шөкеев. Оның айтуынша, белгілі бір қиындықтар болары сөзсіз. Үкіметке инфляцияны күшпен ауыздықтауға тура келеді. «Ресей рублі 100 пайызға құнсызданды. Бірақ, олар инфляцияны 11 пайыз деңгейінде ұстап қалды. Қазақстан үкіметі де барын салуы керек», — деді ол.

Басқосу барысында Елбасы экспорттаушыларды елді валюталық түсіммен қамтамасыз етуге шақырды. «Бүгін біздің барлық экспорттаушыларымыздан айырбас бағамының жаңа деңгейі жағдайында Үкіметке көмектесуді және елді валюталық түсіммен қамтамасыз етуді өтінемін. Үкімет сіздермен сөйлеседі. Қазіргі уақытта біздер қиын болса да шаралар қабылдаудамыз. Мұның барлығы Үкіметке жүктеліп отыр. Бірақ, валютаны шетелде ұстамай, мүмкіндігінше ел ішінде сату қажет. Үкіметке бұл жұмыстарды үйлестіруді тапсырамын», — деді Нұрсұлтан Әбішұлы.   Сондай-ақ, Үкімет барлық кәсіпорындарға жаппай қолдау көрсетуден тыйылуы тиіс. Мемлекет бәсекеге қабілетті компанияларға ғана қолдау шараларын көрсетуі қажет.

Мемлекет басшысы өз сөзінде Америкада миллиондаған фермер банкротқа ұшырап, миллиондаған фермер пайда болатындығын да атап өтті. «Ал, біздегі банкроттық – қағазбастылық, кәсіпорындар бос тұр. Бұлай болмауы тиіс», — деді Президент. 

«Салымшылар сан соғып қалмасын!»

Қалыптасқан ахуалға сай, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке Тұрғын үй құрылысы жинақ банкіндегі қазақстандықтардың салымдарының бүтіндігін сақтау мәселесін ойластыруды тапсырды. «Тұрғын үй құрылысы жинақ банкісінің салымшыларына қатысты мәселе бар. Адамдар пәтерді несиеге алу үшін ақша жинады. Сондықтан, Үкімет олар жинаған қаржыларын жоғалтпау үшін жеке ойластырып, есептеулері тиіс», — деген Мемлекет басшысы қиындықтарға қарамастан адамдардың әлеуметтік көңіл-күйінің бұзылмауы және халықтың әл-ауқаты төмендемеуі үшін барлық шаралар жүзеге асырылатындығын баса айтты.

Кеңесте шенеуніктер штатын кеңейтуге және жалақысын көбейтуге мораторий жарияланатыны да белгілі болды. «Күту қажет және мұны барлығы да түсінуі тиіс. Үкіметке алақан жайып келудің қажеті жоқ. Сондықтан да, 2016-2018 жылдары жаңа бастамаларға, шенеуніктердің штаты мен жалақысын кеңейтуге мораторий жариялаймын. Бірақ, егер де жағдай түзеліп, ахуал басқаша болатын болса, қайта қарайтынымыз сөзсіз», — деді Елбасы.

Мемлекет басшысы қазіргі жағдай әрбір кәсіпорыннан және Үкіметтен ұзақ мерзімді шараны талап ететіндігін баса айтты. «Экономикалық ақиқатты ескере отырып, іштей және жалпы мұнайдың бағасы төмен жағдайда өмір сүруге дайын болу керек. Яғни, «қарулануға» пессимистік нұсқаны алған жөн. Егер жақсы болса, бұл біздің қалтамызға түседі. Ал, бұлай болмаған жағдайда біз де оған дайын боламыз», — деген Елбасы республикалық бюджет кірісінің көлеміне байланысты жаңа жобалардың, жаңа бастамалардың шығыстары қатаң шектелетіндігін атап айтты. 

Ұлттық  қорды қорғау  қажет

«Республикалық бюджет тапшылығы 2018 жылға 1 пайызға дейін төмендейтіндей жасау керек. Тапшылықты қаржыландыру тек ішкі ресурстар есебінен жүргізілуі тиіс. Өз халқымызға қарыз боламыз, уақыты келгенде қайтарып береміз», — деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысының айтуынша, Үкімет Ұлттық қордан «Нұрлы жол» нысандарының инфрақұрылымына бөлінген қаржыны икемді қайта бөлуі тиіс.

Ұлттық банк 2014-2015 жылдары теңге бағамын ұстап тұруға 28 млрд. доллар шығындады. «Іс жүзінде бүгінгі күні екінші деңгейлі банктер мемлекет қаржысы есебінен жұмыс істеуде. Аталған қаржыны өздерінде ұстап, соңғы уақытта экономиканы несиелемей отыр. Ұлттық банк те солай жұмыс істеген. Ол Ұлттық қордан түскен қаржыны теңге бағамын ұстап тұру үшін «шығындады». Ағымдағы жылдың өзінде 10 миллиард (доллар — ред.) «жағып» жіберді. Ал, осы және өткен жылы барлығы – 28 миллиард (доллар — ред.) жұмсалды. Не үшін? Өйткені, теңге бағамын ұстап тұрдық», — деді Елбасы.

Нұрсұлтан Назарбаев 2016 жылдан аз қамтылған отбасыларға жәрдемақыны арттыруды ұсынып, «Біз азаматтық қызметшілердің еңбекақысы үлгісін енгізу, әкімшілік-мемлекеттік қызметшілердің жалақысын енгізу, жәрдемақы мен шәкіртақының көлемін арттыру туралы жарияладық. Бірақ, қаржы жетіспегендіктен, Үкімет мұны 2017 жылға қалдырды. Қазіргі жағдайда мен Үкіметке мұны бір жыл бұрын орындап, келесі жылдың 1 қаңтарынан төлей бастауды ұсынамын», — деді.

Кеңес барысында Мемлекет басшысы елдегі ахуалды тұрақсыздыққа арандатушыларға қатаң тыйым салынатынын ескертті. «Құқық қорғау органдары сәйкесінше тапсырма алды, қатаң тыйым салу керек. Қазір қиын сәт және банктерді бопсалап, көшелерде ұрандататын адамдар болуы мүмкін. Мұндай адамдарды қатаң тәртіпке шақыратынымызды мәлімдеймін», — деді ҚР Президенті.

Жиын соңында Мемлекет басшысы ҚР Ұлттық банкіне жеке тұлғалардың мерзімді депозиттеріне төлем тетігін енгізуді нақтылай тапсырды. «Бүгінгі күннен де қиын уақыт туындауы мүмкін. Сондықтан, біздерге қорымызды сақтау қажет. Сол себепті, біз бұған дейін уағдаласқаннан бөлек, Ұлттық қордан қосымша қаржы алынбауы тиіс. Яғни, Ұлттық қордан «дәмеленудің» қажеті жоқ. Ол бізге әлі де керек болады», — деді Елбасы. Ол бұған дейін Ұлттық қордан қаржы елдің көліктік инфрақұрылымын дамытуға, сонымен бірге, жаңа жұмыс орындарын құруға бағытталған «Нұрлы жол» бағдарламасын жүзеге асыруға бөлінгеніне тоқталды. Қорыта айтқанда, қазіргі ахуал баршамыздан зор жауапкершілік пен табандылықты талап етеді.

 

«Қазақпарат» агенттігінің материалдары бойынша дайындаған: Гүлжан ӘМІРОВА.

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button