Тазарту қондырғыларының жетіспеушілігі — Атырау үшін өзекті мәселелердің бірі
Бұл туралы 17 маусым күні Нұр-сұлтан қаласында Парламенттік тыңдау барысында Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов мәлімдеді.
Бүгін Мәжілісте Мемлекет басшысы Қ.К.Тоқаевтың 2021 жылғы 1 қыркүйектегі «Халық бірлігі және жүйелі реформалар — елдің өркендеуінің берік негізі» атты Қазақстан халқына жолдауын іске асыру аясында «Қазақстанның су саласын дамыту перспективалары» тақырыбында парламенттік тыңдау өтті.
«Қалалық сарқынды сулар булану алаңына ешқандай тазартусыз төгіледі, бұл ретте күкірт сутегі мен көмірқышқыл газын бөліп шығарады, бұл экологияға және халықтың денсаулығына теріс әсер етеді», — деді Серік Шәпкенов өз сөзінде.
Сондай-ақ, ол бүгінде қалада қуаттылығы тәулігіне 70 мың текше метр болатын бір кәріз-тазарту қондырғысы (КТҚ) жұмыс істейтінін және қуаттылығы тәулігіне 31 мың текше метр болатын тағы бір КТҚ құрылысы басталғанын хабарлады. Үш ауданда тазарту құрылыстары бар, қалған аудандарда орташа қуатты модульдік КТҚ орнату жоспарлануда.
Бұл кәріздік ағындарды техникалық су жағдайына дейін жеткізуге мүмкіндік береді.