«Таза су айдындары» акциясы бастау алды
Атырауда жыл сайын дәстүрге айналған «Таза су айдындары» табиғатты қорғау акциясы биыл да жалғасын табуда.
Бұл жолы аталған елдік іс-шара «Наурызнаманың» онкүндігінің аясында Тазару күнімен орайлас келді.
«Жайық-Каспий» облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясына қарасты Атырау, Маңғыстау және Батыс Қазақстан облыстары аумағындағы су айдындарын қамтитын акция 31 мамырға дейін созылады.
— «Таза су айдындары» акциясы негізінен бірінші сәуірде басталады. Бірақ қазірдің өзінде оған дайындық шаралары пысықталып, тазалық жұмыстары жүргізілетін учаскелер белгіленіп қойылды. Әзірлік деңгейін нақтылау мақсатында біздің қызметкерлер де Тазару күні шеңберінде өздеріне бөлінген учаскеге шығып, атқарылатын жұмыс ауқымын анықтады. Акцияға жергілікті балық шаруашылығы субъектілері, мемлекеттік кәсіпорын, мекемелердің қызметкерлері, еріктілер мен табиғат жанашырлары қатысады, — деді инспекцияның бас маманы Гүлнұр Әбдіғалиева.
Оның айтуынша, былтыр «Таза су айдындары» акциясына барлығы 2600-ге жуық адам қатысып, жалпы салмағы 200 тоннадан астам қоқыс пен қатты тұрмыстық қалдық шығарылған.
Дәулетқали АРУЕВ