Тәуелсіздік тірегі, Отанымыздың жүрегі

3c82ff07 51ef 429a 8f2d e7d10cd1f782 Жаңалықтар

Биыл Астананың еліміздің бас қаласы ретінде халықаралық аренада таныстырылғанына – тура ширек ғасыр. Осы уақыт аралығында қала ерекше қарқынмен дамып, Тәуелсіздіктің тірегі, Отанымыздың жүрегіне айналды.

Өзіндік сәулет стилі мен бейнесі қалыптасқан бас шаһар қазір бүкіл әлемге танымал.  Астана – қазақ елінің мақтанышы. Мұнда білім алу да, қызмет ету де зор бақыт. Айтулы мерекеге орай біз Астанадағы атыраулықтардың үш буынымен тілдескен едік.

be0288f4 aea7 4bf7 9479 31d2321d59d5

Жандарбек КӘКІШЕВ,

Мемлекет қайраткері:  

Ел жүрегі – еңселі елорда

– 1990 жылы мен Жоғары кеңестің депутаты болғанда астананы Ақмоладан

көшіру жұмыстары туралы мәселелер басталған-ды. Кейін Сенаттың Қаржы және бюджет комиетінде қызметте жүрген кезімде Астананың құрылысына қаржы бөлу жұмыстарына үлес қостым. Сол кезде менімен бірге Фарид Гаримов деген азамат жұмыс жасады. Ол Астаны көшіру жөніндегі комиссияның төрағасы еді. Астананың құрылысы жөнінде, жаңа жобалар туралы мәлімдеп, ой-пікірін айтып отырды. Бюджетті зерделей жүріп, мақсатты жұмыстарға қажетті қаражатты бөлу жұмыстарына атсалыстым.

Сол кезде Алматының бірқатар азаматы Астананы көшіру жұмыстарына келіспейтіндіктерін ашық айтып та жатты. Бірақ, біз бірауыздан қолдап, жаңа шаһардың бой көтеруі қажеттігін құптадық.

Менің Астана қаласында тұрғаныма жиырма жылдан асты. Алғаш келгенде Есілдің сол жағалауы жапан дала еді. Ақорданың тек қана  іргетасы қаланған. Ал, қазір сәулеті келіскен үлкен қалаға айналды. Еуропа мен Азияның ортасындағы үлкен маңызы бар қала болып орнығып келе жатыр. Бес жұлдызды қонақүйлер, жаңа әуежай мен теміржол вокзалы бар. Халықаралық симпозиумдар, конференциялар, спорттық жарыстардың Астанада ұйымдастырылып жүргені – үлкен жетістік. Ширек ғасыр ішінде мұнда көптеген шара мен жоғары деңгейдегі басқосулар өтті. Халықаралық аренада өзіндік ерекше архитектуралық стилі мен бейнесі қалыптасты. Жасалған жұмыс бас қаланы көшіру туралы шешімнің тәуелсіз мемлекет тарихындағы жаңа, маңызды әрекет болғанын дәлелдейді.

Астананың тұрғызылуында барша қазақтың үлесі бар. Бір ғана донор аймақ – Атырау өңірінің қосқан үлесі ұшан-теңіз.  Бұрын астанамыз Алматыда мекен-жай бойынша тіркелу өте қиын еді. Ал, қазіргі Астананың есігі елдің барлық азаматы үшін айқара ашық. Мұнда ірі университеттер мен медициналық орталықтар, ғылыми-зерттеу кешендері өте көп.

Тіршілік болған соң, әрбір қаланың өзіндік проблемасы туындайды. Болашақта Астанадағы негізгі проблема ретінде жұмыссыздық орын алуы мүмкін. Бірақ, ол үшін қалада үлкен зауыттар тұрғызудың қажеті жоқ. Шаһар елдің жүрегі, тек қана еңсесі биік әкімшілік ордасы болып қалса екен.

40f69b73 6ad7 460e 89a3 fe18f132c8c7

Альфия ӘДИЕВА,

«SAMRUK-KAZYNA TRUST» корпоративтік қорының бас директоры:

Мәдени ордаға айналса…

– Астана – әсіресе, жастар, мемлекеттік қызметшілер, жас кәсіпкерлер

үшін зор мүмкіндіктер алаңы. Әуел бастан инфрақұрылымы өте әдемі жүргізілген. Қазір де сол әдемілікті сақтап тұр. Дегенмен, елдің бас қаласы болғаннан кейін шаһар әлі де жаңғырту жұмыстарын қажет етеді. Өйткені, инфрақұрылымдардың көбі бұрынғы қалпымен қалып қойған. Қазір тек қана тұрғын үйлер жарыса бой көтеріп келеді. Әрине, ол да қажет. Дегенмен, мұнда бірінші кезекте мәдени орталықтар мен тарихи орындардың көптеп салынғаны жөн. Себебі, қалада шетелден келген туристер мен қонақтарға көрсететін орындар саусақпен санарлықтай. Сондықтан, олардың саны көбеюі тиіс.

Менің Астана қаласына көшіп келгеніме тура бір жыл болды. Алғашында оның әдемілігіне көз тоймай жүрді. Бірақ, жаңадан бой көтерген мәдени орынды көрмеппін. Сол себепті елорданы әлі де дамыту қажет деп ойлаймын.

Ал, Астана «өсемін, өркендеймін, тәжірибе жинақтаймын» деген құлшынысы бар адамға таптырмас қоныс. Қазір маған Астананың тұрғыны болу өте ұнайды, жаңа салалардың тұтқасын ұстап, жаңа орта қалыптасты.

54ae50f4 8bf3 4195 8a0f bc2d3f9450b3

Мирас ҒАБДОЛХАЕВ,

Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Мемлекет пен қоғам коммуникацияларын дамыту департаментінің басқарма басшысы:

Мансаптық өсуде мүмкіндіктер мекені

– Атырауда заман ағымына сай білім алып, аз-мұз біліктілік жинағаннан кейін арман қуып Астанаға келдім. Оған да жақында үш жыл толады екен. Әрине, Астана – қарасаң көздің жауын алатын әсем қала. Оның үстіне мұндағы іскерлік ритм жастардың ынтасын бірден ашады. Елорда мені де осылай баураған болса керек. Астанаға қоныс аударуыма Ақпарат және қоғамдық даму министрлігіне жұмысқа орналасуым себеп болды. 

Мемлекеттік қызметте жұмыс істейтіндерге Астана мансаптық өсу үшін үлкен мүмкіндіктер қаласы десем қателеспеймін. Бірақ, еңбек нарығында бәсекелестік өте жоғары. «Мәскеу көз жасыңа сенбейді» дегендей, мұнда да нағыз «сен тұр, мен атайын» дейтін майталмандар жиналатыны сөзсіз. Осындай мықтылардың арасында жұмыс істеу, жаңа білім мен дағдыларды алу, сондай-ақ оларды іс жүзінде қолдану – мен үшін қуаныш.

Бұл үнемі дамуға мүмкіндік береді. Қалаға келгелі алдымен бас сарапшы, кейін басқарма басшысы лауазымына дейін өстім. Былтыр Президент жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға түсіп, бір жыл оқып, магистратураны үздік аяқтадым. Негізгі мамандығым «өңірлік даму» мәселелеріне бағытталды. Өйткені, туған жерден жырақтаған соң нағыз урбанизацияның ортасында өмір сүрген қолайлы. Бірақ, біз тек бір қаланы емес, еліміздің әр аймағын бірдей деңгейде дамытуға мүдделі болуымыз керек. Сондықтан, белгілі деңгей мен уақытта орталықта тәжірибе жиғаннан кейін, Қазақстанның кез-келген өңірінде қызмет етіп, оларды дамытуға талпынсақ, қандай ғанибет!

Алдағы үш жылдықта өзімді елдің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылығы мен дамуын нығайтуға бағытталған мемлекеттік саясатты әзірлеу және іске асыру саласындағы сарапшы ретінде көремін. Қазір идеологиялық тұжырымдамаларды талдауға және қалыптастыруға, сондай-ақ осы саладағы әртүрлі мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдардың жұмысын үйлестіруге маманданып жүрмін. Жұмысым азаматтардың өмірі мен дамуы үшін қолайлы жағдайлар жасауға, сондай-ақ елдің дәстүрлі құндылықтары мен мәдениетін қолдауға бағытталатынына сенемін. Фариза Оңарсынованың  бір өлеңінде мынадай әдемі шумақ бар.

…Өмірге келіп, кеткенің де не мән бар -Жүрегінде елдің қалмасаң!..

Бұл – мен үшін өмірлік ұстаным. Әр мемлекеттік қызметші өз жұмысын популистік үшін емес, жүректерде қалуы үшін жасауы тиіс.

Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз