32155 6 t uels z aza stan kesh ru

Тәуелсіздік тағылымдары

Жаңалықтар

Atr.kz/18 желтоқсан, 2019 жыл.  Түркі әлемінің ұлы перзенті Мұстафа Шоқайдың: «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болмайды. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі.

 Ал, ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жемісін береді» деген қағидалы сөзі бар. Еліміз егемендігін алған жиырма сегіз жыл ішінде осы ҰЛТТЫҚ РУХЫМЫЗ айтарлықтай биік сатыға көтерілді. Өткенімізге зерделей қайта оралып, тарихи әділеттіліктің салтанат құруына ұмтылуымыз бұған айғақ бола алады.

Кеңес одағының құрамында болып, тоталитарлық  режимнің  қасіретін  көрген  қазақ  халқының  да қайғысы жетіп артылады.  Ұжымдастыру саясаты жүргізіліп, дәулетті  адамдардың  мал – мүлкі тәркіленіп, өздері қуғындалып жапа шексе, алдындағы малынан айырылған кедей қазақ 1931-32 жылдары ақсирақ аштыққа тап болып қырылды. Отызыншы жылдардың ортасында ұлтжанды азаматтарға «халық жауы» деп жала жабылып, нақақтан құрбан болды. Алаштың ел бастар серкелері атылып, жер айдалып, халықтың рухы жанышталды. Соғыстың алды мен соғыс жылдары сталиндік саясаттың құрығы аз халықтарға түсті.

Еділ бойын қоныстанған немістер, поляктар, Солтүстік Кавказ халықтары, кәрістер және басқалар өз мекендерінен жер аударылып, Қазақстанға қуғындалды. Тағдыр тәлкегіне ұшыраған бұл халықтар меймандос қазақтың бауырынан пана тауып, қырылудан аман қалды. Мұның бәрі – кешегі тарих. Тәуелсіздік жылдары жарияланған деректерде 1920-1930 жылдарда қазақтар 4-4,5 млн. адамынан айырылған. 1921- 1922 жылдардағы аштық кезiнде 1 млн. 700 мың адам, 1932-1933 жылдары 2 млн. 300 мыңға жуық адам құрбан болған. Соңғы мәліметтерде «1920 жылдардағы ашаршылықтан өлгендердің саны 2,3 млн. адамға жеткені», қазақ демографы Мақаш Тәтiмовтың деректерінде «ХХ ғасырда болған азамат соғысы, қолдан жасалған ашаршылық, қуғын-сүргiн кездерiнде, Екiншi дүниежүзiлiк соғыста бас-аяғы 3 миллион 850 мыңға жуық қазақ қырғынға ұшырағаны» айтылады. Тарихшы Талас Омарбековтың айтуынша, 1930 жылдың маусымынан 1933 жылдың маусымына дейінгі аралықтағы ашаршылық құрбандарының жалпы саны 3 миллион 379 500 адамнан асып жығылады. Мұның 1 миллионнан астамы босқын есебінде көршілес елдерге кеткен. Сонда үш жыл ішіндегі нақты құрбандардың саны 2 миллион 200 мыңды құрап, халықтың 49 пайыздық өлшемін көрсетеді. Ал, ашаршылықтың қандай сұмдық зардап әкелгенін білу үшін тағы да нақты дерекке жүгінелік: 1897 жылы өткен Ресей империясындағы халық санағының ресми статистикасы бойынша өзбектің саны 1 млн. 690 мың, ал, тәжіктер 350 мың болыпты. Ал, сол кезде қазақтың саны 4 млн. 84 мың адам болған. Бұдан тура 100 жыл өткенде өзбектің саны 25 миллионға жуықтаса, қазақтың саны 9 миллионға әзер жеткен. Аштықтың қазақ үшін қаншалықты нәубет болғанына бұдан артық қандай құжат керек?! Соның салдарынан 1 млн. 30 мың адам республикадан тыс аймақтарға көшіп кетті. Оның 616 мыңы оралмады, ал, 414 мыңы кейін Қазақстанға қайтып келді. Мамандардың айтуынша, оралмай кеткен 200 мыңға жуық адам шет елге — Қытайға, Моңғолияға, Ауғанстанға, Иранға және Түркияға жол тартты. Соның ішінде Қазақстанмен көршілес өлкелерге көшіп барғандар санын келтірсек, шамамен алынған соңғы деректер бойынша, қазір Орта Волгада – 40 мың, Қарақалпақстанда – 20 мың, Батыс Сібірде – 50 мың, Қырғызстанда – 10 мың, Орта Азияда 30 мың қазақ бар екен. Егер ашаршылық болмағанда, қазір 45-50 миллион болатын едік. Ендеше, бұл қасіреттің орнын толтыру мүмкін емес.

Міне, бізге  Тәуелсіздік  қандай  құрбандықтар  арқылы келгенін тарихтың осы бір парақтарының өзі айқын көрсетіп беріп отыр. Бұл жерде Керей мен Жәнібектен бергі бес жарым ғасырдан астам кезеңдегі тар жол, тайғақ кешулердің бәрін бірдей ауызға алмадық. Соңы Желтоқсан оқиғасымен түйінделген кеңестік сұрапылдардың өзі егемендік жолындағы қанды қырғындар болғанының өзі аз дерек емес. Азаттық деген – ұлы сөз. Ардақты сөз. Асыл сөз. Қазақ жұрты үшін бұл сөздің мән-мазмұны тіпті өте терең. Адами арманның жөні бір басқа, ал, халықтық арманның жөні тіптен басқа. Қилы кезеңдерді бастан кешіп, «Қаратаудың басынан көш» құлатып, қара көзге дамылсыз жас шылатып, артта қалып бара жатқан қара орман – қайран даламызға алыстан жаныңды жеп қарау қандай қиын еді десеңізші. Бұл сөздің төркінін іздеген жан болса, бұл ұлы Сыпырадан ұзанға айналып, Махамбетке жетіп, қапыда Қараойға құласа да, қайсар да қуатты, жырлар арқылы халықтық көкіректе ғасырлар бойы маздап жатты.

«Мемлекеттік  тілге – құрмет » бірлестігінің төрайымы, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі Асылы Осман: «Солақай саясат алдымен қазақтың сүт бетіне шығар қаймақтарын сыпырып алып бір кетті. Қаймана қазақты түбірімен қырқып бір кетті. Менің түсінігімдегі қазақ дарқан, пейілі түзу, ойы терең, жері секілді терісі де кең болып келеді. Осы тұрғыдан айтарым — өткен қазақтың, қырылған қазақтың жоқтаушысы — бүгінгі ұрпағы» деп ерекше атап көрсетті. Өткен тарихқа терең баға беріп, оны кейінгі ұрпақ жадына мықтап сіңіру бүгінімізді байыпты пайымдауға, одан әрі болашағымызды жан-жақты бағдарлауға бастау жасайды. Жас буын қазіргідей өз қолымыз өз аузымызға жеткен мамыражай заман қаншалықты құрбандықтармен келгендігін біліп өспейінше, олардың бойында ұлтжандылық, Отанға, халқына деген оттай ыстық сүйіспеншілік қалыптасады деп айту да қиын. Сондықтан да, біздің жиі ауызға алып, тынбай қайталайтын «тәуелсіздік тағылымдары» дегеніміздің мәні де осында екенін зердемізге түю аса қажет.

Жаңа  қоғамның, жаңа  тұрпатты  мемлекеттің тұғырын жасау үшін алыс мақсатты көздеген ұлттық идеялар керек. Бұл тұрғыда ең әуелі «Жалпыұлттық татулық пен қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылын» жариялап, мемлекеттің негізгі іргетасы – Ұлттық татулық болатынын ұғындық. «Татулық бар жерде табыс бар, бірлік бар жерде береке бар, ынтымақ бар жерде ырыс бар» деген қағидалар алдыңғы орынға шығып, өткен ғасырдың зұлматы мен нәубетін көріп, отарлық езгінің озбыр пиғылына ұшыраған халықтың еліміз егемендігін алған жиырма сегіз жылда санасы сілкініп, рухы көтерілді. «Тәуелсіздік тағылымдары» дегеніміздің маңызы да осында.

Исатай БАЛМАҒАМБЕТОВ,

Қазақстанның Құрметті журналисі, ҚР Мәдениет қайраткері.

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған