
Тасқынға тосқын: Қауіптің алдын алуда дайындық қалай?
Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің төрағалығымен селекторлық мәжіліс өтіп, тасқынға дайындықтың жәйі пысықталды. Атырау облысының әкімі Серік Шәпкенов су тасқынының алдын алу мақсатында аймақта қандай жұмыс жүріп жатқанын баяндады. Бұл туралы облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Өңір басшысының айтуынша, алдын ала бағалау жұмыстары бүгінгі ахуалдың былтырғы сценарий бойынша өрбіп отырғанын көрсетеді. Осы орайда бұған дейін соғылған бөгеттер реконструкцияланып, қалыпқа келтірілуде, қажетті қаржы қарастырылған. Материалдық-техникалық резервтер толық жинақтаулы.
–Жол инфрақұрылымын қалыпқа келтіру аясында үкіметтік резерв қаржысы мен жергілікті бюджет есебінен 30 шақырым жол жөнделіп, 4 көпір қалыпқа келді. Бұған қоса, 13 мал өткелі салынып, бұрын су шәйіп кеткен 49 учаскеге су өткізу құбырлары қондырылды, — деді облыс басшысы.
Атырау облысындағы тасқынға қарсы шаралар аясында Жылыой ауданында Жем өзені мен Құрсай арнасының түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр (95 шақырымның 80,3 шақырымы орындалды), сондай-ақ жоспарланған 61 шақырым бөгеттің 29 шақырымы соғылды. Қызылқоға ауданының 9 ауылдық округі мен 5 елді мекенінде 41,9 км бөгет нығайтылуда. Индер ауданында қолданыстағы 34,5 шақырымдық бөгеттің қорғаныстық құрылыстары күшейтілсе, Махамбетте 105 шақырым бөгет салынды. Биыл қосымша 29,9 км бөгет нығайтылып, 12,4 км жаңа бөгет тұрғызылмақ.