Тәртіпті сақтау — бәрімізге ортақ
Кәмелет жасқа толмағандарға түнгі уақытта ата-аналарынсыз қала кезіп, ойын-сауық орталықтарына баруына рұқсат етілмейді. Жасөспірімдердің жеке бас амандығын сақтауға бағытталған бұл заңдылық бүгінде қаншалықты орындалуда? Атырау қалалық жергілікті полиция қызметінің ювеналды полиция тобы мен қалалық білім бөлімі ұйымдастырған рейд осы мәселеге бағытталды.
Түнгі тексеру 23.00 сағатта басталды. Құзырлы орган өкілдері Вокзал маңы ықшамауданындағы демалыс алаңында көше кезген екі жасөспірімге кезікті. 14-15 жастағы балалар аталған мөлтекаудандағы №24 орта мектептің оқушылары екен. Беймезгіл уақытта көшеде жүру себебін түсіндірген олар әжесінің үйінен қайтып келе жатқандықтарын айтты. Дегенмен, балалар белгіленген тәртіп бойынша Алмагүл ықшамауданындағы полиция бөлімшесіне жеткізіліп, ата-аналары шақыртылды. Олардың біріне түнгі уақытта баланы жалғыз көшеге жіберуге болмайтыны айтылып, ескерту берілді. Екінші жасөспірімнің ата-анасы полиция бөлімшесіне белгіленген үш сағат ішінде келмегендіктен, баласы бейімдеу орталығына жеткізілді. Атырау қалалық білім бөлімінің бас маманы Мейрамгүл Оразғалиеваның айтуынша, жалпы, түнгі уақытта кинотеатрлар жағалап, фильмдердің түнгі сеансына келуші жасөспірімдер жиі кездеседі. Олар жеке құжаттарын бермей, аты-жөндерін жасырғысы келеді. Ең бірінші, ата-анасына ескерту беріледі. Егер, бұл жағдайлар тағы қайталанса, ата-аналарына 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ, рейд барысында «Еңбек қанауына қарсы – 12 күн» акциясы да назардан тыс қалмады. Нәтижесінде тойханалардың бірінде жасы 16-ға толмаған жасөспірімнің даяшы болып жүргені белгілі болды. Балаларға арналған ойын алаңқайында қызмет етіп жатқан үш бозбала анықталды. «Жалпы, үш күндік рейд кезінде 23 жеткіншек ұсталды. Оның 21-і – әкімшілік құқық бұзғандар. Олардың ата-аналарына ескерту берілді. Ал, екі жасөспірімнің ата-анасына айыппұл салынды. Төрт бала бейімдеу орталығына жатқызылды», — дейді Атырау қалалық жергілікті полиция қызметі ювеналды полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы Аяна Аяпберген. Рейдтік іс-шараға қатысқандар тарапынан кәмелетке толмағандарға түнгі уақытта тұрғын үйден тыс жерлерде әке-шешелерінің қадағалауынсыз жүруге тыйым салынғандығы ескертілді.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.