Тарихы мен табиғаты үндескен оңтүстік өңірден үйренеріміз көп
Қасиетті Қазақ жері тарихи, мәдени ескерткіштерге бай. Сонау ерте заманнан бері сақталып келе жатқан құнды жәдігерлерді өскелең ұрпаққа дәріптеу бүгінде маңызды іске айналды. Елбасының «100 қадамындағы» міндеттерге сай соңғы кезде Қазақстанның әр аймағында ішкі туризмді дамытуға батыл бетбұрыс жасалуда. Бұл туралы аймақтағы туристік ұйымдар, кәсіпкерлер мен кәсіпорындар өкілдерінің қатысуымен облыстық әкімдікте өткен жиында кеңінен айтылды.
Аймақтағы кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы ұйымдастырған басқосуда Оңтүстік Қазақстан облысының туристік әлеуеті талқыланды. Экологиялық, емдеу-сауықтыру, жағажай және тарихи-мәдени туризмді дамытудағы инвестициялық жобалар туралы сөз болып, оның таныстырылымы көрсетілді.
ҰЛЫ ЖІБЕК ЖОЛЫНЫҢ ЖҮРЕГІ
«Оңтүстік туризм орталығы» мекемесінің директоры Жасұлан Төлебековтің айтуынша, Оңтүстік Қазақстан облысында қорғандар, бекіністер, ежелгі кесенелер, тұрғындардың байырғы қоныстары жетерлік. Түркістан, Сайрам, Шымкент қалалары мың жылдықтарымен ерекшеленеді. Сондай-ақ, ортағасырлық көне қалалар Отырар, Сауран тарихи жазба беттерінен ерекше орын алады. – Бүгінде Түркістан қаласындағы тарихи орталық аумағы 88,7 гектарды құрайды. Археологиялық зерттеулердің нәтижесінде кесене ғимаратына солтүстік-шығыстан жалғасқан және қамал қабырғаларымен шектелген қалашықтың бөлігі оның орталығы болғаны анықталды. Сондай-ақ, биік дуал ретінде саздан салынған қабырғалар кейбір учаскелерде әлі күнге дейін сақталған. Ал, Алтын Орданың жүрегі саналатын Сауран қаласындағы археологиялық жұмыстар шамамен 50 гектарды құрайтын территорияны алып жатыр. Олар Қазақстанның «Мәдени мұра» бағдарламасына енгізілуде, – дейді Ж.Төлебеков. Сондай-ақ, жиында әйгілі Арыстан баб, түркі халықтарының ұстазы Қожа Ахмет Яссауи, Домалақ ана кесенелерінің тарихы жайында айтылды. Әсіресе, жиналғандарды Домалақ ана кесенесінің тарихы қатты қызықтырды. Домалақ ана өзінің ақылы, жан тазалығы, беделімен ел аузында қалған. Ол – Жетісу, Әулие-Ата, Шымкент, Ташкент тұрғындарының анасы. Аңыздарға сүйенсек, Домалақ ана кесенесінде екі ұлы тас бар екен. Оның арасынан тек қана пәк, таза адамдар өте алатын көрінеді.
ҒАСЫРҒА ЖУЫҚТАҒАН ҚОРЫҚ
Ал, Оңтүстік Қазақстан облысы туризм индустриясын дамыту орталығы қауымдастығының директоры Гүлмира Ақбердиева өңірдің орнитологтар мен ботаниктер үшін әсем де керемет табиғат орындарының ерекшеліктеріне тоқталды. – «Ақсу-Жабағылы табиғи қорығы, Сайрам-Өгем ұлттық табиғи бағы секілді орындар бар. Еліміздің ең көне қорығы Ақсу-Жабағылы қорығынан жоғалып бара жатқан сирек кездесетін жануарлар, құстар мен жәндіктерді тамашалауға болады. Теңіз деңгейінен үш мың метр биіктіктегі қорықтың ең көрікті орны – «Сурет галереясы». Қара жылтыр тастарға салынған суреттерде жабайы және үй жануарлары, ежелгі адамдардың аң аулауы мен тұрмысы жайлы көріністер бейнеленген» — деді Г.Ақбердиева. Оның айтуынша, Ақсу-Жабағылы қорығы «Оңтүстіктің алтын алқасы» атанған мекен Орталық Азияның айрықша аймағы ретінде 2015 жылы ЮНЕСКО-ның «Биосфералық қорықтар желісі» тізіміне енген. Биыл қорықтың құрылғанына 90 жыл толды. Ал, Сайрам-Өгем ұлттық паркінде табиғи, мәдени, тарихи жерлер көптеп кездеседі. Батыс Тянь-Шань тауы – табиғаттың қайталанбас әсем әлемі. Таулар –миллионнан астам халық тұрып жатқан ірі аумақтың «жасыл жүрегі». Аумағы жеті табиғи алқаптан тұрады. Онда 1635 түрлі өсімдік өседі. Олардың 250-і «Қызыл кітапқа» енгізілген.
МЕДИЦИНАЛЫҚ ТУРИЗМ – САУЛЫҚ КЕПІЛІ
Бұдан басқа Сарыағаш, Манкент, Біркөлік секілді табиғи минералдық қорларының емдік қасиеттерінің ерекшелігі, тау туризмі мен альпинистер үшін таптырмас орын Батыс Тянь-Шань тауларының биік нүктесі – Сайрам шыңы жөнінде айтпай кетпеуге болмас. «Сарыағаш» демалыс аймағы минералды су қорымен танымал. Мұнда адам ағзасына қажетті элементтердің бірнеше түрі бар. Кавказда және басқа да минералды сулары бар курорттарда демалушылар «Сарыағаштың» суын салыстыра отырып, оған ерекше баға берді. Шипажайдың мақтанышы – оның жасыл саябақ аймағы. Сонымен қатар, Қасқасу шатқалының қайталанбас пейзажының таныстырылымы да ерекше назар аудартты. Ол Төле би ауданында теңіз деңгейінен 1900 метр биіктікте орналасқан. Қасқасу шатқалы табиғи тау шаңғы жолдарымен танымал.
Жиын барысында облыс орталығы Шымкент қаласының ойын-сауық орталықтары мен қонақ үйлері туралы да баяндалды. «Риксос Хадиша Шымкент», «Канвас» отельдері мен «Достық», «Қайнар» қонақ үйлерінің, «Алма тау» демалыс аймағының өкілдері көрсетілетін қызмет түрлері туралы толық мәлімет берді. Алпыс жылдық тарихы бар балалар туризмі туралы да баяндалды. Балалар туризмін ұйымдастырушыларының айтуынша, мұнда экскурсия, өлкетану және әдістемелік бағытта қызмет көрсетіледі. Мектеп оқушыларының туған өлке тарихын тереңірек білулеріне басымдық берілген. Осы орайда жас туристік стансасындағы балалардың бүгінге дейін жеткен жетістіктері аз емес екен. Бұл бағытта облыстық білім беру басқармасы мен туризмді дамыту орталықтары қарқынды жұмыс жасап жатқандықтарын ортаға салды. Жиын барысында мұндай жұмысты Атырау облысында да қолға алу қажеттігі сөз болды.
Міне, бір ғана оңтүстік өңірінде қаншама тарихи орындарымыз бола тұра, «Қазақстанда баратын жер жоқ» дегеніміз шынымен қисынсыз. Сондықтан, экономиканың басты тетігі – ішкі туризм жұмысына бүгіннен мән беру қажет. Облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасы басшысының орынбасары Қарлығаш Бекбаеваның айтуынша, қазір осы саланы дамытудың бас жоспары дайындалуда. Әзірге туристер үшін екі бағыт – тарихи ескерткіштер мен экологиялық туризм жобасы жасақталды. Мұны іске асыруда оңтүстіктіктермен тәжірибе алмасып, бірлесе қызмет атқару жөнінде ұсыныс айтылды.
Алтыншаш ҚҰРМАШЕВА.