Танымал дирижер Б.Жаманбаев өнер ордасының студенттеріне шеберлік сағатын өткізді
«Д.Нұрпейісова атындағы халықтық музыка Академиясы» Атырау музыка колледжінде Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының кафедра меңгерушісі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, профессор Базарғали Жаманбаев студенттермен кездесіп, шеберлік сағатын өткізді.
Дәріс кезінде рухы биік төл өнерді жандарына серік еткен студенттер көптеген мәліметтерге қанығып, дирижерлік мамандығына қатысты көкейде жүрген сұрақтарына жауап алды. Сондай-ақ, Қазақстанның Халық әртісі Б.Жаманбаев кәсіби түрде халықаралық сахналарда өнер көрсетіп жүрген азаматтардың тәжірибелерімен бөлісті.
«Шеберлік сағатының мақсаты – студенттерге хордың, дирижерліктің қыр-сырын үйрету. Бұл тұрғыда Базарғали Жаманбаевтың берері мол. Негізгі міндет — екпін үстеп, мөлшерін нұсқау. Бұл оның оң қолындағы таяқшаның көмегімен жүзеге асады. Кейде екі қолмен де орындай береді. Ал, сол қолының қимылымен кімнің қай кезде, қандай қарқында ойнайтынын көрсетеді. Орта ғасырларда сарай дирижерлері аса үлкен құрметке ие болған»,-дейді Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлттық консерваториясының Құрметті профессоры Клара Қиматова.
Дирижердің қимылы сырт көзге оңай көрінгенімен, шын мәнінде дирижер болу үлкен біліктілікті, шеберлікті қажет етеді. Себебі, дирижердің арқасында ғана көрермен әсем әуеннен нәр алып, нағыз музыканың құдіретін сезінбек.
Гүлдана Ерланқызы