Жарнама
Жаңалықтар

Таңдайлық түлектер көпбалалы отбасыға үй сыйлады

Жуырда Махамбет ауданына қарасты Бақсай ауылдық округінің тұрғындары​ жамағатқа жағымды жаңалықтың куәсі болды.

Осындағы Қаршыға Ахмедияров атындағы Таңдай орта мектебін бұдан жиырма жыл бұрын бітірген түлектер ауылдастарына тамаша тарту жасады. Олар әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы төмен, көмек пен қолдауға зәру Өтешевтер жанұясына жаңа да жайлы баспананың кілтін табыс етті.

— 2003 жылы ауылдағы білім ордасынан қанат қағып, үлкен өмірге қадам басқан​ түлектер жиырма жылдық кездесулерінен​ естелік ретінде туған ауылына осындай бір сый жасауды ұйғарыпты. Әрине, бұл ізгілікті қадам, игілікті іс. Өйткені, олар өмір бойы үстерінде үйі болмай, ел қатарлы баспанаға мұқтаж болып келген көпбалалы отбасына керемет сый жасап, оған қоса көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Түлектердің мұндай қайырымды ісі мен азаматтығына таңдайлықтар атынан білдірер ризашылығым мен айтар алғысым шексіз, — деген Бақсай ауылдық округінің әкімі Ермұрат Сұлтанов иелеріне пәтерлерінің кілтін салтанатты жағдайда табыстады.

78965

Бұдан кейінгі сөз кезегін еншілеген ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Ещанов, ауыл ақсақалы Тәттібай Қанатов, түлектердің бастауыш сыныптағы жетекшісі — алғашқы ұстазы Сара Мүскенова қайырымдылық жасаған азаматтарға жылы лебіздерін жолдап, батасын берді.

Соңынан осындай ізгілікті іске ұйытқы болған мектеп түлектерінің өздері де сөз алып, баспаналы болған отбасының қуанышын бөлісті. Бастаманы қолпаштап, қошеметтеген үлкен-кіші ауылдастарға рахметін айтты. Әрқайсысы әр тарапта жүрсе де, бастары осындай жақсылықта қосылып, игілікті іске атсалысқан сыныптастар да бір біріне деген риза көңілдерімен бөлісті.

«Ауласы бірдің ауасы бір» демекші, жаңа көршілеріне Қалығыз Сәрсенғалиева мен Сара​ Мүскенова ,,іргеміз құтты, баспана берекелі болсын!» деген ізгі ниет​ пен өз сыйлықтарын ұсынды.

Сайып келгенде, «Болашаққа бағдар – рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жер» бағыты бойынша жүзеге асырылған қайырымдылық шарасына жиылғандар елдің игілігіне жасалатын мұндай жұмыстардың жалғасын табатынына берік сеніммен тарқасты.

Дәулетқали АРУЕВ

Махамбет ауданы

Related Articles

Добавить комментарий

Ваш адрес email не будет опубликован. Обязательные поля помечены *

Back to top button