
Таңдайдағы тай жарыс
«Ат — ердің қанаты» деген дана халқымыздың салт-дәстүрге, ұлттық ойындарға деген ықыласы ерекше. 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Махамбет ауданының Бақсай ауылдық округіне қарасты Таңдай ауылында тұңғыш рет тай жарысы ұйымдастырылды.

«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дегендей, округ әкімдігінің бастамасыман жүзеге асқан игі шараға «Сұңқар Құрылыс» ЖШС және «АВС-Лимитед» ЖШС демеушілік көрсеткенін атап өту керек.
Бәйгенің басты ерекшелігі – жарысқа тек Таңдай ауылының 10-15 жас аралығындағы жас шабандоздары қатысты. Ауылдың кең жазира даласы дүбірге толып, тұлпарлар тұяғы жер тарпыды. Әрбір шабандоз – бір-бір батыр. Тайын өз қолымен баптап, бағын бәйгеге сынауға алып шыққан баланың жүзінен жігер мен сенім, қобалжу мен қуаныш қатар көрінді.
Шараны ауыл әкімі Ермұрат Сұлтанов құттықтау сөзбен ашты.
— Тай жарысы — ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлшегі. Ұрпақты атқа отырғызу – оны ерлікке, тектілікке баулу. Бүгінгі бәйге – болашақтың тұлпарлары мен тұлғаларын тәрбиелейтін тағылымды бастама, — деп ізгі тілегін білдірді.
Ал ауыл ақсақалы Қаршыға Дүйішов ақ батасын беріп, жас жүйріктерге сәттілік тіледі.
«Ат жарыс – ерге сын, баланы ерге жеткізер жол» десек, тай бәйгесі тек шабандоздардың емес, ата-ана, бапкер, бүкіл ауыл жұртының қуанышы мен мақтанышына айналды.

Жарыс қорытындысында жүзден жүйрік үздіктер анықталды. Дүсіп Рахым оза шауып, I орын мен 150 мың теңгені жеңіп алды. Ал II орын Есбол Нұрасылға (смарт теледидар) бұйырса, III орынды Есенаман Шапағат (планшет) олжалады. Сондай-ақ жас шабандоз Рахметолла Мейірім құр қол қайтпады, жүлделі IV орынды (құлаққап) иеленді. Мерекеде басқа қатысушылар да елеусіз қалмады, оларға сыйлыққа жүгенді тарту етті.
Бәйге соңынан алаң шетінде ұлттық ойындар – арқан тартыс пен лақ көтеру ұйымдастырылып, балғындардың ептілігі мен күш-қайраты сынға түсті. Ширақ қимылдап, шымырлығын танытқан ойыншыларға қаржылай сыйлықтар берілді. Сонымен қатар, облыстық олимпиадада топ жарған мектептің озат оқушыларына ауыл әкімінің Алғыс хаты мен бағалы сыйлықтары табыс етілді.
Бүлдіршіндерге мереке шырайын келтірген тағы бір тосынсый — «АВС-Лимитед» ЖШС-нің демеушілігімен таратылған 1000 дана балмұздақ болды. Жергілікті өнерпаздар ұйымдастырған концерттік бағдарлама мен ән-күйге толы думан балалардың көңілін аспандатып, жүздеріне шаттық ұялатты.
«Ұлттың ұлысы – ұрпағы, дәстүрдің діңгегі – тәрбиесі». Тай жарысы арқылы жас буын тек тұлпарды ғана емес, тектілікті де танып, даланың дүбірі жүректерге ұлттың рухын дарытты. Бұл игі шара – ауыл өміріне тың серпін беріп, ұлттық мұраны ұлықтайтын жаңа үрдіске жол ашты.
Майра ЕРҒАЛИ
Махамбет ауданы