«ТҰРАҚТЫ ДАМУ МАҚСАТТАРЫ-2030» – 25 ЖЫЛ: Тамшылатып суаруға арналған құбырлар алғаш рет Атыраудан шығарылмақ
Atr.kz/15 қаңтар, 2020 жыл. Егін – ел ырысы. Бірақ, соңғы уақытта осы шаруашылықтан шаһарды былай қойғанда, ауылдың өзі алшақтап барады. Бұл да ақсаңдап тұрған атакәсібіміз мал шаруашылығының кебін кигелі тұр…
Климат кәсіпке кедергі емес!
Әйтсе де, өндірісті өңір саналатын Атырау аймағында жергілікті билік ауылшаруашылық алқаптарын суару мәселесін шешуге ниетті. Бұл – облыстық кәсіпкерлер палатасының ауылшаруашылық мәселелері жөніндегі директорының орынбасары Серік Сәрсекеновтің пікірі. Оның ойынша, жасыл бақты жақсы бизнеске айналдыруға болады.
– «Жасыл елде» тұрғысы келетін адам алдымен өз ауласын жасыл желекке жайқалтуы керек, дейді ол. – Өйткені, үлкен үй кішкентай кірпіштен қаланады емес пе? Бар мәселе мол мүмкіндікті пайдалана алмауымызда деп ойлаймын. Біз, атыраулықтар, жаз мезгілінде күн күйіп кетеді деп байбалам саламыз. Ал, сондай жылы климатқа зар болып отырған елдер бар екенін елемейміз.
Мәселен, шекаралас Ресейдің немесе еліміздің солтүстік аймақтарын алайық. Кезінде ресейлік әзілқой саясаткер Евгений Жванецский Свердловск (Екатеринбург) аймағын жаз бойы қызанақ қызарып үлгермейтін аймақ деп көрермендерді күлдіруші еді. Шынымен де солай болған соң, жағдайдың анығын айтқан ғой. Ал, біз соған мәз болып күлетінбіз. Белоруссияда да жаздыгүні үнемі жаңбыр жауады, күннің көзі аз түседі. Бірақ, тұрғылықты халқы өте еңбекқор болған соң ба, егін мен мал шаруашылықтары жақсы дамыған.
Ал, бізде қалай? Қызанақ уақытынан бұрын пісіп, жинап алмаса су болып ағып кетеді. Кейін оны қоқысқа тастай саламыз. Егер одан «томат» немесе «кечуп» пастасын дайындаса, зор сұранысқа ие болар еді ғой! Расымен де, маман сөзінің жаны бар. «Томат» демекші, ресейліктер қонақ келсе біз сияқты қой сойып шығындалмай, томат қосылған сорпа ұсынады. Бұл да болса үнемдеудің бір тәсілі.
Айтпақшы, әлгі Свердловскіден жақында кәсіпкерлер келіп, біздегі бақша өнімдеріне қызығушылық білдіргені бар. Олар атыраулық кәсіпкерлердің көкөністерін сатып алуға, шаруаларға келісімшарт негізінде ақы төлеуге дайын екендерін де жеткізді. Неге дейсіздер ғой? Себебі, осындағы өнімді өздері өңдеп, сауда нүктелеріне ұсынуды ойлап отыр. Анығын айтқанда, картоп, қызылша, сәбіздердің сыртын аршып, жуып, бөлшектейді. Сөйтіп, вакуумдық тәсілмен целлофанға орап, сатылымға шығарады. Табылған ақыл емес пе?
Көршілерден қай жеріміз кем?
Енді Атыраудың ауа райына қайта оралсақ. Мұнда тұщы судың мол қоры күріш өсіруге өте қолайлы. Алысқа бармай, Жылыой ауданын алып қарайық. Онда көп жылдан бері жер астынан жоғары қысыммен су атқылап жатыр. Соны неге мал шаруашылығына пайдаланбасқа? Балық тоғандарын ашса да болады. Сала жанашырлары бұл бастаманың біраздан бері көтеріліп жүргенін айтады.
– Сонау тоқсаныншы жылдары 2500 гектар аумаққа күріш өсіру бағытында Құрманғазы ауданында арнайы жоба жасақталған еді. Ол аудан орталығындағы «Рисводстрой» мекемесі арқылы қаржыландырылатын. Сөйтіп, ирригациялық коммуникация салу жұмыстары жүргізілді. Кейін темір құбырларды жергілікті тұрғындар қолды қылды, су жүйелері жабайы түрде әлі де бұзылып жатыр.
Сондықтан алдымен тұрғындармен түсінік жұмыстарын жолға қойған жөн сияқты. Мәселен, көршілес Астрахань облысында 3500 гектар жерге күріш егіліп, әр гектардан 60 центнер экспорттық әлеуеті зор таза өнім алынуда. Оны былай қойғанда, 60 балық өсіру тоғаны жұмыс жасайды. Ол жақтың да климаты біздікіне ұқсас, су тапшы, ауа құрғақ. Бірақ, шаруашылыққа кедергі болып жатқан жоқ қой. Кешегі кеңес заманында да ауа райы бүгінгідей болды емес пе?
Соған қарамастан жетпісінші жылдары өңірден 200 тонна қарбыз бен 100 тонна жуа өнімдері экспортқа шығарылып тұрды. Саяжай алқаптарын есептемегенде, шаруашылықтарда мың гектарға жуық алқапта көп жылдық жемісжидектер өсірілетін, деп еске алады бұрынғы бағбан, бүгінгі зейнеткер Рахым Шайхы.
Алғаш рет Атыраудан шығарылмақ
– Рас, қазір егіншілер тамшылатып суару әдісін ұтымды қолданып келеді. Сондай-ақ, табиғи қар мен жаңбыр суын да пайдалана білу керек. Келісемін, Атырау жеріне ылғал аз түседі, сарқырап жатқан бұлақ суы да жоқ. Өзектегі суды егістікке апару үшін көп шығын қажет. Суды жоғары қысыммен құбыр арқылы механикалық және мембрандық тұндыру сүзгіштерінен өткізу де оңай шаруа емес.
Біздің кәсіпкерлер Ресей, Қытай, Израиль, Иран және Түркия мемлекеттерінен екі есе қымбат бағамен (арадағы делдал саудагерлерден) тамшылату ленталарын сатып алып отыр. Міне, осы мәселені шешу үшін ауылшаруашылық мамандарының сұраныстарына с ә й к е с ж е р г і л і к т і кәсіпкерелер палатасының қолдауымен жуырда жақсы жаңалыққа қол жеткіздік.
«ШевронМұнайгазИнк» компаниясымен бірлесіп Атыраудағы құбырлар жүйелері және полиэтилен құбырларын жасау зауытында егістікті тамшылатып суаруға арналған бітеу полиэтилен құбырларын жасап шығару жөнінде келісім жасалды. Диаметрі 16 миллиметр болатын көп жылдық мұндай құбырлар еш жерде шығарылмайды. Егер жоба іске асса, Атырау алғашқы өңір атанбақ, деген қуанышымен бөлісті көп жыл ауылшаруашылық саласына жетекшілік жасаған маман Серік Сәрсекенов.
Енді бұл құбырларға толығырақ тоқталсақ. Бұлар шетелдіктер ұсынатын құбырға қарағанда сапалы әрі арзан. Екіншіден, бітеу полиэтилен тұрбаларына қажетті жерінен тамшылату тетігін («дрипер») қондырып алуға болады екен. Жоғарыда аталған зауыт өкілдерінің айтуынша, тауар бағасының тең жартысына жеңілдік жасалады. Бұл да кәсіпкерлерге жасалып жатқан жақсылық деп білген жөн. Егер тапсырыс көбейсе, бәсі де бұдан бетер арзандай түсері хақ. Қазір 1 метр тұрба құны 65 теңге шамасында бағалануда.
Ал, кәсіпкерлер оны жол шығынын есепке алмағанда басқа елдерден 120 теңгеге сатып алып отырды. Осылайша, жыл сайын миллиард теңгеге жуық қаржы желге ұшып, өзге елдердің қалтасын қампайтып келді. Оның сыртында, мемлекет есебінен субсидияланған қаражатты санайтын болсақ, қып-қызыл шығынға батып шыға келеміз.
(Жалғасы бар)
Амандық АБДОЛ
*Керек кеңес
СУАРУДЫҢ ТИІМДІ ТӘСІЛІ
- Тамшылатып суару құбырларын жер телімі бар тұрғын үйлердің ауласы мен көше бойында пайдалануға болады. Бір артықшылығы, су өсімдіктің тамырына құйылады, ал, су бармаған жерге артық өскіндер өспейді. Сол сияқты, су крантын ашыпжабудан басқа ауыр жұмыс жоқ. Бұл шағын бақ өсіретін тұрғындарға өте қолайлы.
- Атыраулық жастардың ізденісімен ашылған тағы бір жаңалық – фертификациялық қондырғы арқылы минералды тынайтқыштардың көлемін есептеуге болады. Осылайша, суды да, тынайтқышты да, уақытты да үнемдей отырып баубақшадағы жұмыстың жемісін көруге мүмкіндік бар.