Тамшылатып суару – тиімді тәсіл
Atr.kz/4 маусым, 2019 жыл. Біздің аймақтың суармалы егістігі жүйелі түрде суландырылатын бағытпен жұмыс жасайды. Суармалы егістік үшін суды үнемдеп, тиімді пайдаланудың ұтымды жолы – егістікті тамшылатып суару тәсілі.
Егістікті тамшылатып суару үшін арнайы тамшылату ленталары болады. Олар біржылдық немесе көпжылдық болып бөлінеді. Бұл құралдарды жергілікті кәсіпкерлер Ресей, Қытай, Израиль, Иран немесе Түркия мемлекеттерінен сатып алып келгені жасырын емес. Осыларды сараптай келе, кәсіпкерлер палатасының қолдауымен «ШевронМұнайгазИнк» компаниясымен бірлесіп Атыраудағы құбырлар жүйелері және полиэтилен құбырларын жасау зауытынан егістікті тамшылатып суаруға төзімді, диаметрі 16 мм, полиэтилен құбырларын жасап шығару жөнінде келісімге қол жеткіздік. Бұлар ұзақ мерзімге пайдаланылады және жоғарыда аталған шет мемлекеттерден сатып алынған құбырларға қарағанда бағасы арзан әрі төзімді болып келеді.
Бітеу полиэтилен тұрбаларына тамшылату «дриперлерін» қондырып алу да қиындық келтірмейді. Қазір 1 метр тұрбаның құнын 65 теңге шамасында белгілеу жоспарлануда. Ал, біздің кәсіпкерлер осы уақытқа дейін оны (жол шығындарын есептемегенде) басқа елдерден 120 теңгеге сатып алып келді. Т а м ш ы л а т ы п с у а р у жүйелерін сатып алуға жыл сайын бюджеттен субсидиялау жолымен қыруар қаражат шығындалады. Өңірімізден шығатын құбырларды сатып алып, егістікке пайдаланған жағдайда, бірінші жылы субсидия төленеді.
Бұдан кейін субсидияның да, құбырларды қайтадан сатып алудың да қажеті жоқ. Бұларды жер телімі бар тұрғын үйлердің ауласына, көше бойларына орнатып, келіп тұрған құбырға қосып, жоғарыда айтылған дриперлердің көмегімен берілетін суды айтарлықтай үнемдеуге болатынын байқадық. Осындай тәсілмен көкөніс-бақша дақылдарымен қатар жемісжидекті де баптап-күтуге болады.
Серік СӘРСЕКЕНОВ,
Атырау облысы кәсіпкерлер палатасы
директорының орынбасары