Талдыкөл тұрғындары толық эвакуациялануда
Махамбет ауданының эвакуациялық комиссиясының шешімімен, Талдыкөл ауылының тұрғындарын жалпы түрде эвакуациялау басталды. Бұл туралы облыстың төтенше жағдай жөніндегі жедел штабы хабарлады.
Су басу қаупінің күшеюіне байланысты, толық эвакуациялау тұрғындардың қауіпсіздігі үшін жасалып отыр.
Тұрғындар Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің І жатақхана базасындағы эвакопунктке орналасады. Сонымен бірге, өз қалауымен туыстарының үйіне де бара алады.
Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, Талдыкөл ауылында Қорғаныс министрлігінің 59 сарбазы, Төтенше жағдайлар министрлігінің 17 қызметкері және арнайы техникалар жұмылдырылуда.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Талдыкөлде 207 тұрғын Атырау қаласына эвакуацияланып, 422 тұрғын өз қалауларымен туыстарының үйіне орналасқан болатын. Қазір Талдыкөлде қалған 250 тұрғын толық эвакуациялануда. Негізінен ауылында 1,2 мыңға жуық тұрғын тұрады.