Таблиғшы алтылық қолға түсті
Жақында атыраулық құқық қорғаушылар лаңкестерді дайындап шығарушы алғашқы алаң саналатын «Таблиғи Жамағат» экстремистік ұйымының «ілімін» таратушыларды қолға түсірді. Атырау облысы дін істері басқармасының хабарлауынша, ұсталған алты таблиғшы өткен жылдың қараша, желтоқсан айларында Атырау, Маңғыстау, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстарында адам санасын улайтын идеяларын таратумен айналысып келген.
«Экстремистік ұйымның ерушілері Алматы және Шығыс Қазақстан облыстарынан келген. Дінге жаңа бет бұрғандармен, бейтарап азаматтармен арада тұрғылықты мекен-жайларында жиі кездесу өткізіп тұрған. Кейде тіпті, мешітке келген жамағаттарды да өз араларына тарту фактілері байқалған. Улы идеяны ұстанушылар осындай насихат жұмыстарын Жылыой, Индер аудандарында да өткізбек болған. Олар қаңтар айында қолға түсті. Қазіргі таңда тергеу жүріп жатыр» делінген жоғарыда аталған дін істері басқармасының хабарламасында.
Ұсталғандардың тұрғылықты жерін тінту кезінде олардан Қазақстан территориясында таратуға тыйым салынған түрлі әдебиеттер табылған. Және бұл алтылықтың бұған дейін таблиғшылар орталығы саналатын Үндістан, Пәкістан, Қырғызстан елдерінде болып, арнайы дайындау сатысынан өтіп келгендерін де айта кеткен жөн. Өзге облыстық «меймандарға» жергілікті таблиғшылар бар жағдайды жасап келген екен. Тергеу жұмыстарының құпиялылығына байланысты олардың есімі аталмай отыр.
Баян ЖАНҰЗАҚОВА.