Тасқынға қарсы тұрар қауқар бар ма?
Биыл Атырау облысында су тасқынының алдын алу және болуы мүмкін залалды азайту мақсатында бірқатар жұмыс жоспарланып, жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 2,4 млрд. теңге қаржы қарастырылған.
Облыстық төтенше жағдайлар департаменті жұртшылықпен байланыс тобының хабарлауынша, жоспарға сәйкес бірінші кезекте Волгоград және Ириклин су қоймаларының каскадында Астрахан, Волгоград және Орынбор облыстарындағы жағдайға қатысты Ресей Федерациясы төтенше жағдайлар министрлігінің аталған аймақтардағы бас басқармаларымен жинақталған гидрологиялық деректер негізінде өзара іс-қимыл және болжамды ақпарат алмасу ұйымдастырылды. Сәйкесінше, осындай жұмыс «Қазгидромет» РМК және «Жайық-Каспий» бассейндік инспекциясымен облыс өзендерінің бассейндерінде су ресурстарын пайдалануды реттеу және қорғау бағытында жүргізілді.
Айта кету керек,»Қазгидромет» РМК-ның биылғы наурыз айына жасаған консультативтік-гидрологиялық болжамдарында Атырау облысының аумағындағы Жем өзенінің бассейндеріндегі ылғал қорының көлемі орташа көпжылдық мәннен 61-161% — ға жоғары болатыны атап көрсетілген.
Ресми мәліметтерге сүйенсек, бүгінде облыс аумағындағы гидротехникалық құрылыстардың жалпы саны – 31, оның ішінде республикалық меншіктегісі – 13 (1 су торабы, 12 магистральдық канал), коммуналдық меншіктегісі – 18 (10 бөгет, 8 магистралды канал).
Биыл облыста топан судың салдарынан орын алуы ықтимал төтенше жағдайлардың зардаптарын жоюға немесе табиғат тосынына тосқауыл қою мақсатында жергілікті бюджеттен жалпы сомасы 2,4 млрд. теңге қаржы қарастырылған. Оның 1,4 млрд. теңгесі төтенше резерв қорын құраса, қалған 1 млрд. теңгесі шұғыл шығыстарға жұмсалады. Болуы мүмкін су тасқынының салдарын жоюға 17 тонна жанар-жағармай, 485 тонна инертті материал (ПГС, топырақ т. б.) және 25 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр қоры, 5000 кереует пен төсек-орын жабдығы дайындалған. Ахуал күрделене түскен жағдайда 1153 адам, 303 бірлік техника, 16 жүзу құралы және 107 мотопомпа, азаматтық қорғау қызметінің басқа да күш-мүмкіндіктер жұмылдырылады.
–Қазір көктемгі су тасқынынан зардап шеккен халықты эвакуациялауға (уақытша жайлы орынға көшіру) жергілікті әкімдіктер 190-ның үстінде қабылдау бекетін дайындап қойды. Оған қоса, эвакуациялауға қажетті көлік-техникалардың саны нақтыланды. Мәселен, автокөлік жолдарындағы су өткізу құбырларының саны 421-ді құрады. Оның 238-і республикалық, 183-і облыстық және 68-і есір жолдардың бойында орналасқан, — деді облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаев.
«Апат айтып келмейді» демекші, облыстағы қызметтер мен мүдделі мемлекеттік құрылымдардың өр суына қарсы күреске сақадай-сай тұрғаны аңғарылады. Аймақтағы қауіптілік деңгейі жоғары болжамдалып отырған облыс орталығынан шалғайдағы Қызылқоға ауданында жағдайды тұрақтандыру үшін де тиісті шаралар қолға алынуда.
Дәулетқали АРУЕВ
Создать событие