Табиғи газ бағасы өседі

коммуналдық қызмет2 Жаңалықтар

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездескен «ҚазТрансГаз Аймақ» акционерлік қоғамы Атырау өндірістік филиалының директоры Мақсот Әбуов хабарлады. Әрине, мұндай бастаманың қазіргі онсыз да алқымнан алған қымбатшылық, теңгенің тұрақсыздығы, сыртқа шығарылатын шикізат көзінің құнын жоғалтуы жағдайында, алдағы жылыту науқаны қарсаңында халыққа қолайлы тимесі анық. Әйтсе де, мекеме басшысы мұндай қадамға барудың өзіндік объективті себептерін атады.

коммуналдық қызмет2

Жалпы, тұрғындарға түсінікті болуы үшін айтар болсақ, облыста газ шаруашылығымен шұғылданатын мекеме – Астанадағы «Қаз-ТрансГаз Аймақ» АҚ-ның филиалы. Яғни, турасын айтқанда, жоғарыдан түскен нұсқауды орындаушы ғана. Оның жұмысын жергілікті жерде реттеу тетігі де мардымсыз. Қазір тарифті өзгерту жөнінде бастама көтеріп отырған да сол Елордадағы компания.

Сонымен, биылғы 1 шілдеден бастап 2018 жылғы 30 маусымға дейінгі аралықта еліміздің ішкі нарығында тауарлық газды көтерме саудамен өткізудің шекті бағасы біздің облыс үшін бір мың текше метр-ге көтерме құн салығынсыз 6294 теңге болып бекітілді. Осыған орай тамыздан бастап жеке тұрғындарға әр текше метр газды 9,61 теңгеден сатуға ұсыныс берілді. Ал, заңды тұлғаларға әр текше метрі 27,41 теңгені құрауы ықтимал. Бұл мәселе жоғарыда талқыланып жатқандықтан, әлі түпкілікті бекітіле қойған жоқ. Бірақ, бәрібір, өсім болары сөзсіз.

Сала басшылары мұны қолданыстағы «Газ және газбен жабдықтау туралы» заңның 20-бабының 2-тармағына сәйкес тауарлық газды ішкі нарықта көтерме саудада өткізудің шекті бағаларының бекітілуімен, шығындардың артуымен, шикізаттың, қуат көздерінің, басқа да қызмет түрлерінің қымбаттауымен түсіндіреді. Сонымен қатар, абоненттер санының өсуі жаңа өнім тарату объектілерін тұрғызу қажеттілігін туғызған. Міне, газ шаруашылығымен шұғылданушылар осындай және өзге де себептерді көлденең тартады.

Қолданыстағы заңдылықтар орындалуы шарт. Коммуналдық қызмет саласы тұрақты қаржыландыруды қажет ететіні, соған сәйкес тарифтік саясат жүргізілетіні де түсінікті. Бірақ, сол заңдылықтар о баста халыққа қолайсыздау қабылданып кеткен жоқ па? Сайып келгенде, тұтынушылар қатарының өсуі – монополия мекемеге қосымша табыс. Ұсынып отырған қызметі өтпей қалса, қайтер еді? Демек, осы тұрғыдан таразы басын тең ұстаған дұрыс емес пе? Аймақта «көгілдір отынға» деген қажеттілікті қанағаттандыратын басқа баламалы ұсыныс жоқтығы ескеріліп, өзінің тұрақты тұтынушыларына жеңілдік жағын қарастыру жараспай ма?

Қолымыздағы мәліметке қарағанда, «көгілдір отынды» пайдаланушы барлық абонент-тердің 72 пайызы жеке тұлға екен. Демек, салмақ алдымен соларға түскелі тұр. Оның үстіне, жеке үйлерде тұратындардың бәрі табиғи газбен жұмыс жасайтын дербес жылу қазандықтарын орнатқан.

Демек, алдымыздағы күзгі-қысқы науқанда солардың отбасылық бюджеті айтарлықтай жұқармақ. Жалпы, әр жылы республикада тауарлық газды көтерме саудада өткізудің шекті бағасы неге осы уақытқа белгіленген? Алдағы жаз күндеріне шақтап, жылдың басына тағайындауға мүмкіндік жоқ па? Осыны жоғарыда отырғандарға кім жеткізеді?

Тағы бір толғандыратын дерек – табиғи газды заңды тұлғалардың 24 пайызы тұтынуы. Олар – мейрамханалар мен наубайханалар тәрізді  күнделікті қажетті өнім өндірушілер. Егер солар секілді кәсіпкерлер барлық абоненттің ширек бөлігін құрайтынын ескерсек, онда тауар құнын көтеру арқылы бәрібір халықтың қалтасына салмақ салады. Бізде нан бағасы еркін саудаға жіберілгенін ескерсек, енді оның бағасы қанша болар екен?

коммуналдық қызмет

Бұл ретте жұртшылықтың газ шаруашылығында тұтынушылармен жұмыс жасау үшін құ-рылған мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына өкпесі де жетерлік. Ол 2015 жылдың 3 желтоқсанында ашылған-ды. Содан бері атыраулықтардың сеніміне ие бола алмай келеді. Сайып келгенде, бұл құрылым «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ-ның мердігер мекемесі саналады. Яғни, түбі бір саланың буыны. Демек, мұнда да жұртшылыққа жайлы жағдай орнықтырған жөн. Оның басшылығы көпшілік алдында қызметін түсіндіріп, іс барысын баяндағаны абзал.

Осы орайда, халықаралық энергетикалық агенттіктің мәліметінше, 2019 жылға дейін табиғи газдың әлемдік қоры күткендегідей болмайды. Бұл – ұсыныстың сұраныстан көп болуының салдары. Яғни, дүние жүзінде экономика жай дамуда және көпшілік көмір мен қалпына келтірілетін энергия көздеріне қызығушылық танытуда. Мәселен, 2013-2019 жылдары әлемде «көгілдір отынды» пайдалану небәрі 2,2 пайызға артуы болжануда. Бұдан көмірсутегі шикізатына бай мемлекеттер біраз зиян шегеді.

Әйтсе де, бәрі түрлі мүмкіндіктерді пайдаланып, өндіруші саланы сақтап қалуға тырысады. Мәселен, ресейлік «Газпром» жылына 30-40 млрд. доллар таза пайда табады екен. Ал, дүниежүзілік додада табиғи газ бағасы төмендесе, оның айырмашылығын ішкі нарықпен реттейтін көрінеді. Яғни, өз тұтынушыларына салмақ салады. Демек, бұл әлемдік тәжірибеде өзін ақтаған әдіс саналады.

Қазақ «енесі тепкен құлынның еті ауырмайды» демеуші ме еді? Ендеше, біздің газ шаруа-шылығын басқарып отырған құрылымдар да осы тәсілді қолданып отырған сыңайлы. Алайда, қарттардың зейнетақысы, мұқтаж жандардың жәрдемақысы, жұмысшылардың жалақысы сол ауыртпалықты көтере алатындай болғаны жөн еді. Әйтпесе, отбасы бюджетінің сәл-пәл өсуі инфляция тасқынының астында қалады. Ал, оның деңгейі Қазақстанда үлкен күшпен ұсталып отырғаны жасырын емес.

Меңдібай СҮМЕСІНОВ.

Баға берсеңіз
Атырау газеті
Пікір қалдырыңыз