«Табиғатты аялайық, болашақты ойлайық!»
«Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерваты табиғатты қорғау акциясы аясында дүниежүзілік «Парктер шеруін» өткізді. Дәстүрлі шара барысында Шаймардан Сариев атындағы көркемсурет және қолданбалы сәндік өнер мұражайында «Ақжайықтың құстары» атты фотокөрме ашылды.
Фотокөрменің ашылу салтанатына аталған қорық пен мұражай қызметкерлері және Атырау қаласының оқушылар орталығының шәкірттері мен мұғалімдері қатынасты. Мұражай басшысының орынбасары Төлеген Орынбасарұлы, экологиялық ағарту және туризм бөлімінің маманы Балымгүл Ізмұханова «Парктер шеруі» жөнінде мәлімет берді. Айтуларынша, мұндай акция 1996 жылдан бері өткізіліп келеді. Бұл – табиғатқа деген қамқорлықтың мерекесі. Ал, 2009 жылдан бері аталмыш акцияға барлық селолық округ әкімшіліктерінің мамандары мен экологтары да атсалысып келеді. Шеру жыл сайын Қазақстанның барлық аумақтарында және мемлекеттік қорықтар мен саябақтарда ұйымдастырылады. Ондағы мақсат – жастарды табиғатты аялауға, айналаны таза ұстауға тәрбиелеу, туған өлкені жасыл желекпен көмкеруге тұрғындарды шақыру.
А.ШАМАР.